Қазақстан мектептерінде робототехникаға арналған жабдықтар жиі толық пайдаланылмай жатады. Бұған тек материалдық мүмкіндік емес, мұғалімдердің жүктемесінің көптігі мен балаларға инженерлік және цифрлық дағдыларды үйрететін мамандардың тапшылығы да әсер етеді.
Осы мәселені тәжірибе жүзінде көрген жас кәсіпкерлер STEM-білімді қала мен ауыл мектептері үшін бірдей қолжетімді және практикалық пайдасы болатын платформаны құрды.
Artisan Education платформасы оқушыларға робототехника, бағдарламалау және 3D-модельдеуді тәжірибелік жобалар арқылы, нақты технологиялармен жұмыс істеу негізінде меңгеруге мүмкіндік береді. 2024–2025 жылдары аталған платформаны пайдаланып, Қазақстанның он өңіріндегі 235 білім беру ұйымында 3 252 оқушы білім алды. Оның 68 пайызы – ауыл мектептерінің оқушылары.
«2017 жылы Nazarbayev University-де “Робототехника және мехатроника” мамандығын тәмамдағаннан кейін Астанадағы РФМШ-да робототехникадан сабақ бере бастадым. Сол кезде бір мәселені анық байқадым: мектептерде қажетті құрал-жабдық бар, бірақ балалармен жүйелі жұмыс істей алатын білікті мамандар жетіспейді», – дейді стартаптың CEO-сы Бағлан Құтурбаев.
2023 жылы Бағлан Құтурбаев NU-дың бакалавриат және магистратура бағдарламаларын «Робототехника және мехатроника» мамандығы бойынша тәмамдаған Әлихан Есалымен бірге робототехника, бағдарламалау және 3D-модельдеу бағытында оқытатын білім беру платформасын іске қосты.
Платформаның технологиялық негізі Raspberry Pi Pico W микроконтроллеріне сүйенеді. Бұл шешім оқушылар мен мұғалімдерге датчиктер мен компоненттерді күрделі дәнекерлеусіз және көп сым қолданбай-ақ IoT және AI жобаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде оқу үдерісі анағұрлым түсінікті әрі қолжетімді бола түседі.
Бүгінде Artisan Education командасында 13 маман еңбек етеді, олардың сегізі – NU студенттері. Стартап университет жанындағы бизнес-инкубация және акселерация бағдарламаларынан өтіп, 250-ден астам мұғалімді платформамен және оқу жинақтарымен жұмыс істеуге үйретті.
Команда ауылдық жерлердегі инженерлік білім беруді дамытуға ерекше назар аударады. Ақмола облысының үш ауылында пилоттық жобалар іске қосылып, мектеп оқушылары заманауи технологиялармен жұмыс істеуге және тәжірибелік инженерлік машықтарын дамытуға мүмкіндік алды. Жоба авторларының бағалауынша, бастама балалардың технологияға қызығушылығын шамамен 30 пайызға арттырған.
Алдағы жылдары команда жобаның ауқымын кеңейтіп, Қазақстандағы ауыл және шағын жинақты мектептердің 90 пайызына дейін қамтуды, сондай-ақ кемінде он технологиялық стартаптың пайда болуына қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Ұзақ мерзімді мақсаттардың қатарында Әзербайжан мен Ұлыбритания нарықтарына шығу да бар.








