15 жыл ішінде Nazarbayev University әлемнің жетекші университеттерінің түлектері мен өз түлектерін біріктірген жас ғалымдардың қуатты ғылыми қауымдастығын қалыптастырды. Бүгінде университеттің 170-тен астам оқытушысы – қазақстандық мамандар. Ал National Laboratory Astana зертханасында шетелде білім алып, ғылыми тәжірибе жинақтағаннан кейін елге оралған 140-тан астам зерттеуші еңбек етеді. Бүгін біз ғылымды ілгерілетіп, болашақтың технологияларын жасап жүрген NU-дің жас ғалымдары мен профессорлары туралы баяндаймыз.

Александр Пак
Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ассистент-профессоры
Адам миының жұмысын зерттеп, жасанды интеллектінің медицинадағы мүмкіндіктерін зерделейді. Ол FLECTION.AI стартапының негізін қалаушылардың бірі. Команда ойын технологиялары мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, инсульттен кейінгі науқастарды оңалтуға арналған цифрлық платформаны әзірлеуде. Жүйе Астана қаласының клиникаларымен бірлесіп пилоттық сынақтан өтті. Александр Nazarbayev University-де биомедицина мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып, кейін АҚШ-тағы Purdue University университетінде нейробиология бойынша PhD дәрежесін қорғады. Оның ғылыми жұмыстары мидағы нейрондық желілердің қызметін, оқу мен есте сақтау механизмдерін, сондай-ақ көз қозғалысы арқылы мидың күйін бағалау әдістерін зерттеуге арналған.

Әлия Асубаева
Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент-профессоры
Ғылыми бағыты – су қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын басқару және экологиялық саясат. Әлия мемлекеттік саясат саласындағы PhD дәрежесін Nazarbayev University-де алды. Докторантура кезінде Финляндиядағы University of Oulu және Нидерландтағы IHE Delft Institute for Water Education ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтті. Бұған дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Су ресурстарын басқару» мамандығын тәмамдап, Германиядағы Humboldt-Universität zu Berlin университетінде аграрлық экономика бойынша магистр дәрежесін алған. Ғылыми зерттеулермен қатар, ғылымды көпшілікке түсінікті жеткізу және ғылыми нәтижелерді мемлекеттік саясатты қалыптастыруда тиімді пайдалану мәселелерімен айналысады.

Жанат Махатаева
Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) аға деректер талдаушысы
Жасанды интеллект, толықтырылған шынайылық және білім беру технологиялары тоғысындағы зерттеулермен айналысады. Робототехника мамандығы бойынша бакалавр, магистр және PhD дәрежелерінің барлығын Nazarbayev University-де алған. Докторантура кезінде беделді Microsoft Research PhD Fellowship стипендиясының иегері атанып, Ұлыбританиядағы Microsoft Research Cambridge зертханасында Future of Work тобында ғылыми тағылымдамадан өтті. Зерттеу нәтижелерін адам мен компьютердің өзара әрекеттесуіне арналған әлемдегі жетекші ғылыми конференциялардың бірі – CHI 2023 жиынында таныстырды. Докторлық диссертациясында толықтырылған шынайылық, компьютерлік көру және жасанды интеллект технологиялары арқылы адамның есте сақтау қабілетін дамытудың жаңа тәсілін ұсынды. Қазір ғылыми ізденістерін жалғастырып, жас зерттеушілерді даярлауға атсалысып келеді.

Сұлтанғали Арзықұлов
Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің (SEDS) ассистент-профессоры
Сымсыз байланыс жүйелері мен жаңа буын желілерін зерттейді. Қазіргі ғылыми жұмысы алтыншы буын байланыс технологияларына (6G), оның ішінде қайта бапталатын интеллектуалды беттерге (RIS), байланыс пен зондтаудың кіріктірілген жүйелеріне (ISAC), сондай-ақ ғарыш–әуе–жерүсті интеграцияланған желілеріне (SAGIN) арналған. Сонымен қатар спорттық көрсеткіштерді талдау және спортқа арналған зияткерлік шешімдерді әзірлеуде жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын қолданады. PhD дәрежесін Nazarbayev University-де қорғаған. Бұған дейін The University of Manchester университетінде коммуникациялық инженерия мамандығын тәмамдаған. Кейін Nazarbayev University мен Сауд Арабиясындағы King Abdullah University of Science and Technology (KAUST) университетінде постдокторлық зерттеулер жүргізді.

Әлия Мұқанова
Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, INMET бас директорының орынбасары
Жаңа буын аккумуляторлары мен энергия сақтау жүйелеріне арналған материалдарды әзірлейді. Ол NU-дің «Ғылым, инженерия және технологиялар» бағыты бойынша PhD бағдарламасының түлегі. Бұған дейін ядролық технологиялар мен материалтану саласында зерттеу жүргізсе, бүгінде микроаккумуляторлар мен жаңа буын асқынөткізгіштерге арналған жұқа қабықшалы материалдарды жасаумен айналысады. Мұндай технологиялар микроэлектроника мен медициналық құрылғыларға арналған қуатты әрі жеңіл аккумуляторлар әзірлеуге және энергияны шығынсыз дерлік жеткізу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Тоғжан Сырымова
Nazarbayev University робототехника және мехатроника кафедрасының инструкторы
Робототехника саласындағы жас қазақстандық зерттеуші әрі ROBIO медициналық стартапының негізін қалаушы. Nazarbayev University-де робототехника және мехатроника мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Қазіргі таңда командасымен бірге дәрігерлерге тіндердегі түйіндерді сипап тексеру кезінде жоғары дәлдікпен анықтауға көмектесетін «ақылды» тактильді қолғап әзірлеуде. Жасанды интеллект қолданылатын бұл технология сүт безі обырын ерте кезеңде анықтау дәлдігін арттырып, тексеруді көпшілікке қолжетімді етуге бағытталған. 2026 жылы ROBIO жобасы ALEM.AI BATTLE республикалық жасанды интеллект жобалары байқауының жеңімпазы атанды.








