Қазақстанның білім беру саласын өзгертіп жүрген NU түлектері

Білім беру стартапының негізін қалаушыны, қор басшысын, зерттеушіні, университет әкімшісі мен кәсіби бағдар беру жөніндегі кеңесшіні не біріктіреді? Олардың барлығы — бүгінде Қазақстанның білім беру саласын даңғаза мәлімдемелермен емес, нақты жобалар арқылы өзгертіп жүрген Nazarbayev University түлектері. Олар мектеп оқушыларына мамандық таңдауға көмектеседі, өңірлерге мұғалімдер дайындайды, университеттерді дамытады, цифрлық шешімдерді енгізеді және бүкіл Қазақстан бойынша мыңдаған адамға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Төменде білім беру саласында — өңірлік мектептерден бастап университеттер мен ұлттық білім беру бастамаларына дейін — нақты өзгерістер жасап жүрген NU түлектерінің бірнеше тарихын ұсынамыз.

Шыңғыс Нұрланов — Вашингтон университетінің «саясаттану» мамандығы бойынша түлегі және NU-дың «Білім берудегі көшбасшылық» мамандығы бойынша магистрі. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және араб тілдерін меңгерген. Қазіргі уақытта ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары қызметін атқарады. Әр жылдары елордадағы Республикалық физика-математика мектебі филиалының басшысы, Nazarbayev University Жоғары бизнес мектебінің консультанты, ҚР БҒМ Ақпараттық-талдау орталығының білім беруді басқару саласындағы зерттеулер бойынша жетекші талдаушысы, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының менеджері және оқытушы болып жұмыс істеген.

Гүлнара Салмен: Teach for Qazaqstan өңірлердегі мектептерді қалай өзгертеді

Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінде Education Leadership бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алған Гүлнара Салмен Қазақстандағы білім беру теңсіздігі мәселесіне шешім іздеуге өзін арнады. Осы идея ол басқаратын Teach for Qazaqstan қоғамдық қорының негізіне айналды. Қор еліміздің өңірлерінде мұғалім болуға шешім қабылдаған жас мамандарды даярлап, оларға қолдау көрсетеді. Бұл жоба университетте алған білім мен көшбасшылық құзыреттердің ірі қалалардан тыс жерлерде де ұзақ мерзімді өзгерістерге жол ашатын тұрақты қоғамдық бастамаларға айнала алатынын көрсетеді.

Айгерім Пазылбекова: цифрлық сауаттылық — болашақтың дағдысы

NU-ды тәмамдаған Айгерім Пазылбекова өз кәсіби жолын цифрлық сауаттылықты дамытуға және оның қазіргі қоғамдағы рөлін зерттеуге арнады. Үш жыл бойы ол Connect-ED ұйымында цифрлық сауаттылық бағытын басқарып, мектеп оқушылары мен зейнеткерлерге арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Осы арқылы Қазақстанның әртүрлі буын өкілдерінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге үлес қосты. Бүгінде Айгерім оқытушылық қызметін білім беру саласындағы зерттеулермен ұштастырады. Оның жұмысы цифрлық трансформация жағдайында қазақстандықтардың өмір сүруі мен кәсіби тұрғыдан дамуына қажетті дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді.

Бағлан Құтурбаев: STEM білімін баршаға қолжетімді ету

NU-ды «Робототехника және мехатроника» мамандығы бойынша тәмамдаған Бағлан Құтурбаев мектеп оқушыларына инженерлік білім беруге деген көзқарасты өзгертуді мақсат етті. Робототехника пәнінің оқытушысы болып жұмыс істей жүріп, ол заманауи мектеп зертханаларының өзінде білікті педагогтердің жетіспеушілігінен құрал-жабдықтар жиі пайдаланылмай қалатынын, ал көптеген олимпиада жеңімпаздарының инженерлік қағидаларды терең түсіне бермейтінін байқады. Осы тәжірибе Artisan Education білім беру платформасының құрылуына негіз болды. Платформа балаларға бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект және 3D-модельдеуді механикалық жаттау арқылы емес, практикалық жобалар арқылы меңгеруге мүмкіндік береді.

Екі жыл ішінде NU түлектерінен құралған команда Қазақстанның 90-нан астам мемлекеттік мектебімен ынтымақтастық орнатып, 240-тан астам мұғалімді даярлады және мектеп оқушыларына қымбат жабдықсыз-ақ инженерлік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін жеке технологиялық платформасын әзірледі.

Мәди Ханафия: білім — әр баланың құқығы

Nazarbayev University түлегі Мәди Ханафия бүгінде Quantum STEM School мектебінде кәсіби бағдар беру жөніндегі директор қызметін атқарады. Ол өз жұмысын сапалы білім мен кәсіби бағдар беруді әр баланың негізгі құқығы деген ұстанымға негіздейді. Мәди білім беру, адам құқықтары және мемлекеттік саясат мәселелеріне қызығушылық танытады. Оның пікірінше, тиімді мемлекеттік басқару мен жан-жақты ойластырылған шешімдер адамдардың әл-ауқатына тікелей әсер ете алады. Бүгінде оның кәсіби қызығушылықтары мектептегі кәсіби бағдар беруді дамытуға, білім алушыларға білім беру бағытын таңдауда қолдау көрсетуге және осы саладағы ұлттық саясатты жетілдіруге бағытталған.

Айгерім Қажығалиева: жоғары білімдегі инновацияларды дамыту

NU Жоғары білім беру мектебінің түлегі Айгерім Қажығалиева көптілді білім беру саласында магистр дәрежесін және білім беру саласында философия докторы (PhD) дәрежесін алған. Қазір ол «Астана» халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі деканының орынбасары қызметін атқарады.

2020 жылы Айгерім University Bridge волонтерлік бастамасын құрды. Бастама Қазақстанның және шетелдің 15 университетінен мыңға жуық жас ғалымды біріктіріп, зерттеулермен алмасуға, тәлімгерлікті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған көптілді академиялық сессиялар сериясын өткізеді.

Әмірхан Сәулембеков: мұғалімдер мен ауыл мектептерін қолдау

Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінің «Білім берудегі көшбасшылық» бағдарламасы бойынша білім алған Әмірхан Сәулембеков өз зерттеулерін ауыл мұғалімдерінің кәсіби дамуына бағыттады. Әмірхан Сәулембеков еңбек жолын физика пәнінің мұғалімі ретінде бастап, кейін мектеп олимпиадаларының үйлестірушісі және директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Бүгінде ол «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының жобалық департаментін басқарады. Бұл қызметінде еліміз бойынша білім берудегі озық тәжірибелерді таратуға атсалысады. Соңғы үш жылда оның қатысуымен негізінен ауылдық елді мекендердегі 350-ден астам мектептен 20 мыңға жуық педагог оқудан өтті. Сонымен қатар 137 мектеп физика, химия және биология кабинеттеріне арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53