Жаңа ойлау жүйесіне қош келдіңіз!
Nazarbayev University (NU) – Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орны, әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеті ретінде мойындалуға ұмтылатын флагманды университет. Еуразия жүрегінде, Қазақстан астанасы – Астана қаласында орналасқан NU-дің басты ерекшелігі – меритократия қағидаттарына негізделген қабылдау жүйесі, мұнда студенттер алғашқы күннен бастап профессорлардың жетекшілігімен білім алып, ғылыми зерттеулерге қатысады. NU – бұл жай ғана жаңа оқу орны емес, бұл – жаһандану мен технологиялық прогресс дәуірінде түлектерді даярлауға бағытталған университет.
NU-да бакалавриат және магистратура бағдарламаларын ұсынатын сегіз мектеп бар: Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі; Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі; Медицина мектебі; Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебі; Жоғары бизнес мектебі; Жоғары білім беру мектебі; Жоғары мемлекеттік саясат мектебі; Дайындық мектебі.
Nazarbayev University-дің барлық мектептері әлемнің жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және зертханаларымен стратегиялық әріптестікте жұмыс істейді. Олардың қатарында: Колорадо тау-кен ісі мектебі (АҚШ), Дьюк университеті (АҚШ), Сингапур Ұлттық университеті, Кембридж университеті (Ұлыбритания), Пенсильвания университеті (АҚШ), Питтсбург университетінің медициналық орталығы (АҚШ), Висконсин-Мэдисон университеті (АҚШ).
Nazarbayev University өзінің академиялық озықтығын халықаралық деңгейде дәлелдейтін маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Times Higher Education (THE) World University Rankings 2025 рейтингінің 2024 жылғы 9-шы қазанда жарияланған деректеріне сәйкес, NU әлемнің ең үздік зерттеу университеттерінің 24–29%-ының қатарына енді. Бұл рейтингте 115 елден 2092 жоғары оқу орны бағаланып, NU 501–600 орындар аралығында орналасты. Бұл нәтиже тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия университеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
NU өз беделін одан әрі нығайта отырып, алғаш рет THE Young University Rankings 2024 рейтингіне енді. Бұл рейтингте 79 елден 673 университет бағаланып, NU 106-шы орынға ие болды. Сонымен қатар, университет THE Asia University Rankings 2024 рейтингінде де бар, онда NU 739 университет арасында 129-шы орынды иеленді. THE World University Rankings by Subject 2024 рейтингінде NU 22 пән бойынша тізімге енді, бұл университеттің академиялық бағдарламаларының кең ауқымдылығы мен сапасын көрсетеді. Бұған қоса, Shanghai Ranking әзірлеген Global Ranking of Academic Subjects 2023 рейтингінде NU-дің екі бағыты – телекоммуникациялық инженерия және электротехника мен компьютерлік инженерия – үздік пәндер қатарына кірді.
Nazarbayev University құрылуы
2006 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық деңгейде танылатын университет құру идеясын ұсынды. 2009 жылғы 25 қыркүйекте ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Аслан Сәрінжіпов «Астананың жаңа университеті» АҚ президенті болып тағайындалды (қазіргі Nazarbayev University). 2010 жылғы 28 қарашада ол Премьер-Министр кеңсесінің шешімімен Атқарушы кеңестің төрағасы қызметіне бекітілді. Кейінірек, 2011 жылғы 16 маусымда Nazarbayev University ДББҰ Жоғарғы Қамқоршылық Кеңесінің шешімімен Шигео Кацу университет президенті болып тағайындалды.
2010 жылғы 28 маусымда Nazarbayev University-дің ресми ашылу салтанаты өтті. Осы сәттен бастап университет өз қызметін бастады және еліміздің жетекші академиялық мекемесіне айналды. NU – автономия және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы алғашқы университет. Университеттің автономиялық мәртебесі 2011 жылғы 19 қаңтарда қабылданған «Nazarbayev University», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілді.
2015 жылғы 15 маусымда Nazarbayev University алғашқы бітіру рәсімі өтті. Осы тарихи күні 446 студент бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын аяқтап, дипломдарын алды.

Пайымдауы
Қазақстанға және әлемге олардың дамып, өркендеуіне қажетті ғалымдар мен мамандарды, жетекшілер мен кәсіпкерлерді дайындау
Миссиясы
Қазақстанда жоғары білім мен ғылым жүйесінде реформалар жүргізу моделі болып, Астананың инновациялар мен білімнің халықаралық орталығы ретінде қалыптасуына үлес қосу және студенттерді тұрақсыздық, белгісіздік, кешендік және көпмәнділігі ұлғайған өмірге дайындау

Стратегиялық мандаттар
Академиялық көшбасшылық
Назарбаев Университеті (НУ) жаһандық стандарттарға сай келетін, түлектерді ұлттық және әлемдік еңбек нарығы мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға дайындайтын жоғары сапалы академиялық бағдарламаларды әзірлеуге және ұсынуға ұмтылады. Әрбір бағдарлама түлектерде НУ белгілерін және негізгі жұмысқа орналастыру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мазмұнды және талапшыл бағдарламалар, икемді, инновациялық және заманауи оқыту және білім беру формаларын қолдана отырып жүзеге асырылатын, НУ-дың талантты студенттеріне бай әрі дамытушы білім беру тәжірибесін ұсынып, олардың академиялық және мансаптық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Ғылыми көшбасшылық
НУ стратегиялық таңдалған бағыттарға күш-жігерді шоғырландыра отырып, пәндік және пәнаралық білімді ілгерілететін, аймақтық және ғаламдық сын-қатерлерге жауап беретін және қоғам мен экономиканы дамытуға үлес қосатын жаһандық бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуге ұмтылады.
Қоғамға үлес
Өзінің білім беруі мен зерттеулері арқылы НУ қоғамның сын-қатерлеріне жауап беруге, Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосатын шешімдер әзірлеуге және нақты практикалық әсер етуге ұмтылады.

Тақырыптық басымдықтар
Міндеттер барлық мандаттарды қамтитын үш негізгі контекстік тақырыптық басымдық аясында күрделі және көбіне қиын жағдайларда жүзеге асырылатын болады.
Адамдар, басқару және тиімді әкімшілік
Тиімді басқаруды, үздіксіз бизнес-үдерістерді және сапалы институционалдық шешім қабылдауды қамтамасыз ету үшін НУ: өз бизнес-үдерістерін цифрлық жұмыс ағындары, автоматтандыру және жасанды интеллект (ЖИ) арқылы оңтайландырады; деректерге негізделген шешім қабылдауды енгізіп, есептілікті арттырады; қызметкерлерді қолдау, дамыту және ұстап тұруды қамтамасыз етеді.
Тұрақты даму
Экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық ұзақ мерзімді институционалдық тұрақтылық үшін, сондай-ақ НУ-дың жаһандық ұмтылыстар мен мақсаттарға, ұлттық және өңірлік сын-тегеуріндерге сәйкестігін қамтамасыз ету үшін түйінді мәнге ие. НУ тұрақты даму мақсаттарына бағдарланған зерттеулерді, сондай-ақ академиялық бағдарламалар мен курстарды қоса алғанда, Университет қызметінің барлық бағытына экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты енгізетін болады.
Ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық оқыту мен білім берудің, зерттеулердің және инфрақұрылымды дамытудың негізі болып табылады.
Бедел, интернационалдандыру және коммуникация
Ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде НУ-дың орнын нығайту, таланттарды және серіктестіктерді тарту, сондай-ақ қоғамға қосқан үлесті күшейту мақсатында НУ Университеттің үлесі мен ықпалын арттыруға, оның ұлттық және халықаралық танымалдылығын нығайтуға бағытталған шараларды әзірлеп, жүзеге асырады.

Стратегия
Nazarbayev University өңірлік прогрестің катализаторы болатын әлемдік деңгейдегі университет құруда. 2010 жылы құрылғаннан бері NU академиялық стандарттарымен, заманауи зерттеулерімен және жоғары білім беру саласын реформалаудағы жетекші рөлімен танылды. Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті ретінде NU әлемнің ең үздік университеттерінің қатарына қосылуды мақсат етеді. Бұл мақсатқа жету үшін университет жаһандық серіктестіктерді, инновацияны және 60-тан астам елден келген студенттер мен оқытушылардан құралған қауымдастықты дамытуда. NU стратегиясының негізінде білімді ілгерілету, болашақ көшбасшыларды даярлау және қоғамның дамуына үлес қосу жатыр.

Жылдық есеп
Жылдық есепте Nazarbayev University-дің оқу жылындағы негізгі жетістіктеріне шолу жасалып, қаржы жылына арналған қаржылық қорытынды берілген.
Есеп жылғы жетістіктер мен негізгі оқиғаларға шолу жасайды. Қоғамдық мекеме ретінде еліміз үшін өз құндылығымызды көрсету біз үшін маңызды. Бұл есепте студенттердің демографиялық көрсеткіштері, профессорлық-оқытушылар құрамының және зерттеу қызметінің дамуы, қоғамға қосқан үлесіміз, сапаны қамтамасыз ету және болашақ жоспарлар сияқты NU-дың басым бағыттары мен стратегиялық жетістіктері қамтылған.
2025 жылғы Nazarbayev University-дің есебі (мақұлдау күтілуде)