Nazarbayev University 2026 жылы түлектер саны бойынша рекорд орнатты

Қазақстанның жетекші зерттеу университеті – Nazarbayev University (NU) – өз тарихындағы ең ауқымды түлектер легін қанаттандырды. Астанада өткен салтанатты оқу бітіру рәсімінде бакалавриат, магистратура, докторантура және медицина бағдарламалары бойынша білім алған 1 877 түлекке диплом табысталды.

Биылғы түлектер легі туралы: негізгі сандар

КөрсеткішМәні
2025–2026 жылы оқу бітірген түлектер саны1 877
Олардың ішінде: бакалаврлар (UG)1 130
Магистранттар (GrM)647
PhD докторлары73
Медицина докторлары (DocMed)27
Мамандықтар саны51
Мектептер/факультеттер саны7

Салтанатты рәсімнің құрметті қонағы болған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев NU-дың отандық ғылымды, инновацияларды және адами капиталды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, университет өз миссиясын табысты жүзеге асырып, Қазақстанда заманауи зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, озық академиялық стандарттарды енгізуге және жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға елеулі үлес қосып келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған саяси бағдары – ұзақмерзімді реформалар бағдарламасы. Ол экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік басқару институттарын нығайту, ғылым мен білімге, бизнес пен азаматтық қоғамға қолдау көрсету сияқты маңызды міндеттерді шешу үшін бүкіл қоғамның жұмылуын және белсенді қатысуын талап етеді. Осы үдеріске сіздердің университеттеріңіздің түлектері қазірдің өзінде елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы алғашқы технологиялық unicorn компания – Higgsfield AI соның жарқын көрінісі. Аталған компания командасының 90 пайызы – NU түлектері. Бұл – еліміздің адам капиталының жоғары бәсекеге қабілетті және университеттік ортаның сапалы деңгейде екенінің айқын дәлелі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мамандықтар: Қазақстан технологиялық бағытты таңдайды

Биылғы түлектер арасында ең танымал мамандық – компьютерлік ғылымдар. Бұл бағыт бойынша биыл 270 студент оқу бітіріп отыр, оның ішінде 237 студент – бакалавриат түлегі, бұл биылғы түлектер легінің 21%-ын құрайды. Жалпы технологиялық бағыттағы мамандықтар (Computer Science, Data Science, Robotics) бойынша 351 түлек білім алған. Яғни әрбір бесінші түлек – технология саласының маманы.

ТОП-10 мамандық (барлық деңгей)Түлектер
Компьютерлік ғылымдар (Computer Science)270
Экономика131
Математика111
Әлем тілдері, әдебиеті және мәдениеті94
Азаматтық және экологиялық құрылыс86
Әлеуметтану76
Электрлік және компьютерлік инженерия71
Саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар60
Биологиялық ғылымдар59
Химия және материалтану инженериясы59

NU президенті Вакар Ахмад түлектерді құттықтай отырып: «Сіздер NU түлектерінің өсіп келе жатқан қауымдастығына қосылып жатсыздар. Олардың бір бөлігі ғылымды дамытып, жаңалықтар ашуда. Басқалары компаниялар құрып, жаңа жұмыс орындарын ашуда, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп, мемлекеттік саясаттың қалыптасуына үлес қосуда, білім беру ұйымдарын нығайтып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді. Барлығы біріге отырып, зерттеулерге негізделген сапалы білім мен берік құндылықтардың қоғамды өзгертуге қабілетті күш екенін дәлелдеп жатыр», – деді.

Түлектердің ең көп саны Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіне (SEDS) тиесілі – мектепті 673 жас немесе жалпы түлектердің 35,9%-ы бітіріп отыр. Ал Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебін (SSH) 653 түлек аяқтады (34,8%). Барлық түлектің 70%-дан астамы осы екі мектепке тиесілі, бұл университеттегі инженерлік-технологиялық және гуманитарлық білім беру бағыттарының тең дәрежеде дамуын көрсетеді.

МектепТүлектер
SEDS — инженерия и цифрлық ғылымдар673 (35,9%)
SSH — гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар653 (34,8%)
SoM — медицина186 (9,9%)
GSE — білім беру107 (5,7%)
GSPP — мемлекеттік саясат96 (5,1%)
GSB — бизнес85 (4,5%)
SMG — тау-кен ісі және гология77 (4,1%)

Ғылым және зерттеулер: 73 жаңа PhD докторы

Биыл 73 түлек робототехника, жаһандық денсаулық сақтау, еуразиялық зерттеулер, химиялық инженерия және мемлекеттік саясат сияқты бағыттар бойынша докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Сондай-ақ 27 түлек Медицина докторы дәрежесін алды. Зерттеу дәрежелері үлесінің жоғары болуы NU-дың Қазақстандағы алғашқы зерттеу университеті ретіндегі мәртебесіне толық сәйкес келеді. Университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының үлгісі негізінде құрылған.

Бүгінде NU Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингі бойынша әлемдегі үздік университеттердің 23%-ының қатарына кіреді. Университет Орталық Азия мен Кавказ өңірінде 1-орынды иеленіп, THE Asia University Rankings 2025 рейтингінде 150-орынға тұрақтады. Сондай-ақ NU – жас университеттер арасында әлемнің үздік 106 жоғары оқу орны қатарында.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53