Nazarbayev University (NU) түлектерінің шамамен 98%-ы Қазақстанда қалып, ел экономикасының түрлі салаларында еңбек етуде. Олардың қатарында дәрігерлер, педагогтер, инженерлер, қаржыгерлер, саясаттанушылар және басқа да көптеген мамандық иелері бар. Сондай-ақ университет тек білікті мамандарды ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің жаңа буынын да тәрбиелеуде.
Құрылғанына небәрі 16 жыл болғанына қарамастан, NU түлектері бүгінде табысты компаниялар құрып, отандық әрі шетелдік инвестиция тартып, Forbes рейтингтеріне еніп, өз саласының көшбасшыларына айналып отыр. Назарларыңызға NU-дың бес табысты кәсіпкер түлегін ұсынамыз.

Аян Бірімжан – Қазақстандағы Health Project дұрыс тамақтану желісінің негізін қалаушы әрі иесі және Drinkit кофеханалар желісінің франчайзинг серіктесі. Университетте оқып жүрген кезінде ол бодибилдингпен айналысып, дұрыс тамақтануды ұстанып, пайдалы тағамдарды өзі әзірлейтін. Уақыт өте келе мұндай өмір салты көп уақытты қажет ететінін түсініп, күнделікті дайын әрі пайдалы тағам жеткізу қызметін іске қосуды ұйғарды. Кейін бұл жоба дұрыс тамақтану сервистері мен кофеханаларды біріктіретін табысты желіге айналды. Бүгінде Аян негізін қалаған компаниялар Қазақстанда 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қазақстандағы ең жас долларлық миллионер Әлішер Шариязданов алғашқы қазақстандық «unicorn» стартап атанған, құны $1,3 млрд-қа бағаланған Higgsfield AI компаниясында Founding Growth Manager қызметін атқарады. Компаниядағы опциондарының арқасында ол 22 жасында Қазақстандағы ең жас долларлық миллионер атанды. Бір қызығы, Higgsfield AI командасының шамамен 90%-ын NU түлектері құрайды. Stripe төлем платформасының мәліметінше, компания жасанды интеллект саласындағы стартаптар арасында ең жоғары өсім көрсеткіштерінің біріне ие: ай сайынғы табыс өсімі шамамен 80%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш OpenAI өсімінен шамамен үш есе жоғары.

Мәулен Ахметов сегіз жыл бұрын университет кампусында ерекше қажеттілігі бар жастарды жұмысқа тартатын Kunde инклюзивті кофеханасын ашты. Алғашқы кофехана сәтті жұмыс істегеннен кейін, 2025 жылы Алматыда екінші филиалы іске қосылды. Оның ашылуына небәрі екі күн ішінде жанашыр азаматтардың қолдауымен 8 млн теңге жиналды. Бүгінде Kunde – Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік кәсіпкерлік жобалардың бірі. Желі мүмкіндігі шектеулі және менталдық ерекшеліктері бар адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, сондай-ақ таптаурындарды азайтуға да ықпал етіп келеді.

Лаура Вайгорова – қазақстандық мектеп оқушылары мен студенттерге әлемнің жетекші университеттеріне түсуге көмектесетін SmartestPrep (STP) білім беру платформасының негізін қалаушы. 2021 жылы стартап сингапурлық Quest Ventures венчурлік қорынан $50 мың көлемінде бастапқы инвестиция тартты. Ал 2025 жылы Стэнфорд университеті жанындағы беделді StartX акселераторының қатысушылары қатарына енді. Қазір компания қызметін кеңейтіп, Қазақстаннан тыс жерлерде де дамып, Орталық Азия елдерінің клиенттерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар Лаура Forbes Kazakhstan басылымының тұрақты авторы ретінде кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесімен бөліседі.

Еркебұлан Сапаров өнім менеджменті, деректерді талдау, жасанды интеллект және IT саласының басқа да бағыттары бойынша мамандар даярлайтын Product Masters білім беру платформасын құрды. Өз жобасын іске қоспас бұрын ол Қазақстандағы, Еуропадағы және Африкадағы халықаралық стартаптар мен технологиялық компанияларда еңбек етті. Бүгінде Product Masters еңбек нарығындағы бірнеше маңызды мәселені шешуге үлес қосып келеді: IT саласындағы білікті мамандар тапшылығын азайтып, технологиялық компанияларға қажетті кадрларды жылдам даярлауға, стартаптар экожүйесі мен технологиялық кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар талантты мамандардың Қазақстан ішінде кәсіби дамуына мүмкіндік жасап, олардың шетелге кетуін азайтуға көмектеседі.








