Nazarbayev University (NU) мен Sejong University академиялық алмасуды дамыту әрі бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын кеңейту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсімі Сеулде өтіп жатқан Asian Universities Alliance (AUA) жоғары басшылығының кездесуіне NU делегациясы қатысқан сапар барысында өтті. Университет атынан NU провосы профессор Рехан Садык және зерттеу мен инновация жөніндегі вице-провосы профессор Жұмабай Бәкенов қатысты.
Sejong University тарапынан құжатқа университет президенті Jonghwa Eom қол қойды. Сондай-ақ инженерия колледжінің деканы Haeyoung Jung және нанотехнология және жетілдірілген материалдар инженериясы кафедрасының жетекшісі профессор Jongwan Jung қатысты.
Бұл серіктестік ортақ ресурстарды пайдалану, бірлескен зерттеулер және үздік тәжірибелерді алмасу арқылы академиялық және мәдени ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Тараптар материалтану, энергия материалдары және осыған жақын бағыттарда бірлескен жобаларды дамыту; зерттеушілер мен студенттердің алмасуын қолдау; магистранттар мен докторанттарды бірлесіп жетекшілік ету; ортақ басылымдар, конференциялар, симпозиумдар мен воркшоптар ұйымдастыру туралы уағдаласты.
«Бұл – өте маңызды әріптестік. Sejong University ғылыми нәтижелілігі бойынша әлемдегі ең үздік 70 университеттің қатарына кіреді және осы көрсеткіш бойынша Оңтүстік Кореяда бірінші орында. Меморандум әсіресе ғылыми бағыттағы мазмұнды әрі нәтижелі ынтымақтастыққа жол ашады деп сенемін», — деді NU президенті профессор Вакар Ахмад.
NU-дың Корея университеттерімен бұрыннан берік байланыстары бар. Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебіндегі Корейтану орталығынан бөлек, қауымдастырылған профессор Айшуақ Қонаров оңтүстіккореялық әріптестерімен энергия сақтау материалдары бойынша бірлесіп жұмыс істейді, ал ассистент-профессор Ахмед Элькамхави (Ahmed Elkamhawy) халықаралық командамен бірге меланомаға қарсы жаңа емдеу әдістерін әзірлеуде. Профессор Бәкеновтің айтуынша, қазіргі таңда NU-дың төрт түлегі Sejong университетінде профессор Seung-Taek Myung (h-index 100) көмегімен толық қаржыландырылған PhD бағдарламасында оқып жүр.
«Бұл серіктестік NU-ды қарқынды дамып келе жатқан, халықаралық деңгейде мойындалған университетпен одан әрі жақындастырады. Меморандум бірлескен зерттеулер, академиялық алмасулар және бірлескен бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз. NU әріптестерімен және профессор Myung бастаған Sejong университетінің командасымен, сонда оқып жүрген NU түлектерімен осы серіктестікті дамытуға асығамыз», — деді профессор Бәкенов.
NU жаһандық серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырып келеді: биыл университет Daegu Gyeongbuk Institute of Science and Technology және Sungkyunkwan University оқу орындарымен жаңа келісімдерге қол қойып, Оңтүстік Кореядағы байланыстарын тереңдете түсті.















