Медицина саласындағы жетекші сарапшылар денсаулық сақтаудың болашағын талқылады

Nazarbayev University (NU) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және GX Foundation қорымен бірлесіп, «Жаһандық медицинаның жаңа бағыттары: инновациялар, орнықтылық және тәжірибе алмасу» атты семинар өткізді.

Іс-шараға Қытайдан және басқа елдерден келген жетекші медицина сарапшылары, сондай-ақ денсаулық сақтау және бизнес салаларының 100-ден астам өкілі қатысты. Қатысушылар медицина ғылымы мен денсаулық сақтау практикасындағы соңғы жетістіктер мен жаңа үрдістерді, медициналық кадрларды даярлау, қоғамдық денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, сондай-ақ медицинада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанның серіктестері жүзеге асырып жатқан жаңа бастамаларды зерделеуге, сондай-ақ ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Қазақстан ғылыми базаны нығайтуға мүдделі және біз өз тәжірибемізбен бөлісуге, сондай-ақ Орталық Азияда жүзеге асырылатын жобаларды бірлесіп әзірлеуге дайынбыз. Бұл семинар жай ғана тәжірибе алмасу алаңы болып қалмайды. Ол бірлесіп жұмыс істеп, ортақ нәтижеге қол жеткізе алатын бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Біздің ортақ мақсатымыз қарапайым — денсаулық сақтау жүйелерін орнықты, қолжетімді әрі тиімді ету», — деді бірінші вице-министр.

GX Foundation төрағасы CY Leung шақырылған сарапшыларға іс-шараға қатысқаны үшін алғысын білдірді. Ол сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасының тарихындағы NU-дың рөлін және GX Foundation-пен ынтымақтастықтың дамуын атап өтті.

«Он үш жыл бұрын Президент Си Цзиньпин NU-да “Жібек жолының экономикалық белдеуін” бірлесіп құру және “халықтар арасындағы байланысты” нығайту тұжырымдамаларын алғаш рет ұсынды. Бұл GX ұйымының құрылуына және дамуына ықпал етті. Бүгін біз GX пен NU арасындағы ынтымақтастық аясында осы семинарды өткізіп отырғанымызға қуаныштымыз және бірлесіп қол жеткізген нәтижелерімізді одан әрі дамытуға ниеттіміз», — деді ол.

NU медицина жөніндегі вице-президенті, Медицина мектебінің деканы профессор Хак-Хуэй Нг семинар NU-дың Гонконгтағы серіктестерімен ынтымақтастығының практикалық нәтижелерінің бірі екенін және білім мен тәжірибе алмасуды одан әрі дамытуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Бүгінгі семинар — біздің келісімімізді іс жүзінде жүзеге асырудың бір мысалы. Біз Гонконгтан медицина және білім беру салаларындағы жетекші мамандардан құралған үлкен делегацияны шақырдық. Бұл — білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған жұмысымыздың бастауы», — деді профессор.

Оның айтуынша, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — жоғары білікті медицина мамандарын даярлау.

«Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін тек қаржы, құрал-жабдық немесе дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Ең маңызды фактор — адами капитал. Медицина саласындағы ғалымдарды, дәрігерлерді, медбикелерді және басқа да денсаулық сақтау мамандарын даярлау аса маңызды», — деді профессор.

Семинар барысында денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Профессордың айтуынша, Қазақстанның аумағы үлкен және кейбір өңірлерінде халық тығыздығы төмен болғандықтан, цифрлық технологиялар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында екі өзара түсіністік туралы меморандумға да қол қойылды. Оның бірі NU мен The Chinese University of Hong Kong (CUHK) арасында медицина саласындағы, оның ішінде жаһандық денсаулық сақтау, медициналық гуманитарлық көмек, клиникалық зерттеулер бойынша мамандарды даярлау және диабетпен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды. Екіншісі NU мен Macau University of Science and Technology (MUST) арасында білім беру, ғылыми зерттеулер және басқа да бағыттар бойынша академиялық және мәдени алмасуды дамытуға бағытталған. Меморандумдарға NU атынан Prof. Huck Hui Ng, CUHK атынан Prof. Justin Wu, ал MUST атынан Prof. Paul Kwong-Hang Tam қол қойды.

Семинар NU мен GX Foundation арасында 2025 жылғы қарашада өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталған ынтымақтастықтың жалғасы болды. Келісім кәсіби және академиялық тәжірибе алмасуға, бірлескен іс-шаралар өткізуге, тағылымдамалар ұйымдастыруға және ғылыми зерттеулер жүргізуге негіз қалады.

Семинарға қатысушылар медициналық инновациялар, денсаулық сақтау жүйелерінің орнықтылығы және гуманитарлық медициналық көмек мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

GX Foundation — Гонконгта орналасқан халықаралық коммерциялық емес ұйым. Қор «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдерде медицина және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында гуманитарлық көмек көрсетеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53