Өңірлік ынтымақтастықты нығайту:Шығыс Қазақстан облысы

7–8 қазанда Назарбаев Университетінің (NU) президенті Вакар Ахмад бастаған делегация Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында университет өкілдері өңір басшылығымен кездесіп, облыстағы екі жоғары оқу орны мен «Қазцинк» металлургиялық компаниясында болды. Сапардың негізгі мақсаты – ғылым, білім беру және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ университеттер мен өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары арасындағы байланысты дамыту.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесуде тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, өңір өнеркәсібінің қажеттіліктеріне сай мамандар даярлау және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Сирек және сирек жер металдарын зерттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде делегация Shygys-BASTAU технопаркінің, ғылыми зертханалардың және DANA BALA инклюзивті білім беру орталығының қызметімен танысты. NU өкілдеріне суды тазарту, жаңа материалдар, биотехнология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ғылыми әзірлемелер таныстырылды. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, академиялық ұтқырлық және тәжірибе алмасу перспективаларын талқылады.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) делегация SMART ENGINEERING орталығын, қорғаныш және функционалдық жабындар орталығын, халықаралық Лу Бань шеберханасын және Smart Driving Technology орталығын қоса алғанда, бірқатар ғылыми-зерттеу және инженерлік орталықтарды аралады. Кездесулер барысында бірлескен ғылыми жобалар, цифрлық технологияларды дамыту және өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың міндеттерін шешу үшін университеттердің ғылыми әлеуетін пайдалану мәселелері талқыланды.

«Қазцинк» компаниясына сапар барысында делегация кәсіпорынның өндірістік қызметімен және технологиялық басымдықтарымен танысып, қолданбалы зерттеулер, өндірісті цифрландыру және автоматтандыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологиялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. NU мен «Қазцинк» мамандар даярлау бағытында қазірдің өзінде ынтымақтасып келеді: университет студенттері кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді. Тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.

NU-дың ғылыми сараптамасын, өңірлік университеттердің зерттеу әлеуетін және өнеркәсіптік кәсіпорындардың практикалық тәжірибесін біріктіру қолданбалы ғылымды дамытуға, білікті мамандар даярлауға және ел экономикасына инновацияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Фотосуреттер Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті және «Қазцинк» ЖШС баспасөз қызметтерінен алынды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53