NU алғаш рет Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингіне енген ТМД елдерінің университеттері арасында бірінші орынға шықты. Жаңа рейтингте университет 376–400 аралығындағы орындарға орналасты және өңірдегі бірқатар жетекші жоғары оқу орындарынан, соның ішінде Мәскеу физика-техникалық институтынан (401–450), Н. Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінен (551–600) және Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебінен» (601–650) жоғары тұр.
Бір жыл бұрын NU ТМД университеттері арасында төртінші орында болған. Биыл университет Қазақстан мен Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасында да көшбасшылығын сақтап қалды. Бұл нәтижеге әлемдік жоғары білім беру саласындағы бәсекелестіктің артуы жағдайында қол жеткізілді. THE World University Rankings 2027 рейтингіне 118 ел мен аумақтан 2297 университет енді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 106 университетке көп. Қазақстанның да рейтингтегі өкілдігі кеңейді: биыл рейтингке еліміздің он университеті енді. Университеттің негізгі мықты көрсеткіштерінің бірі – зерттеулердің сапасы. Бұл көрсеткіш бойынша NU 84,1 балл жинады.
Соңғы бес жылда NU ғалымдары 6 500-ден астам ғылыми жұмыс жариялады. Олардың 68% CiteScore көрсеткіші бойынша ғылыми басылымдардың жоғарғы 25%-ын құрайтын бірінші квартильдегі (Q1) журналдарда жарық көрді. Сонымен қатар NU жарияланымдарының үштен бірі халықаралық Scopus дерекқорындағы CiteScore көрсеткіші бойынша үздік 10%-ға кіретін журналдарда жарияланған. Бұл университет зерттеулерінің елеулі бөлігі жетекші халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көретінін көрсетеді.
NU зерттеулеріне сұраныстың жоғары екенін олардың дәйексөз келтірілу көрсеткіштері де көрсетеді. Университеттің ғылыми жұмыстарының 15%-дан астамы әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілетін жарияланымдардың үздік 10%-ына кіреді. Ал NU ғалымдарының еңбектеріне әлемдегі салыстырмалы зерттеулермен салыстырғанда орта есеппен 2,68 есе жиі дәйексөз келтіріледі.
NU рейтингтің басқа бағыттары бойынша да көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Бұл университеттің білім беру ортасын жетілдіру және білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткізу, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, халықаралық академиялық және ғылыми серіктестіктер аясын кеңейту, сондай-ақ индустриямен өзара іс-қимылды күшейту бағыттарындағы кешенді дамуын көрсетеді.
Times Higher Education рейтингінде ТМД университеттері арасында бірінші орынға шығуы және әлемдік рейтингтегі жоғары көрсеткіштері NU-дың өңірдегі жетекші зерттеу университеті ретіндегі позициясын нығайтуға және жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (МГУ) Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингіне енгізілмеген.








