29 тамызда Nazarbayev University (NU) университеттің 15 жылдығына орай NU Alumni Fest 2026 қайырымдылық фестивалін өткізді. Университет пен NU Alumni Association бірлесіп ұйымдастырған іс-шара NU Impact Foundation қорының қолдауымен өтті. Фестивальге университеттің 1 500 түлегі, студенттері, оқытушылары, қызметкерлері мен серіктестері қатысып, NU қауымдастығының байланысын нығайтуға мүмкіндік алды. Іс-шараға сатылған билеттерден 7 млн теңге жиналды. Қаражаттың барлығы қоғамдық белсенділігімен ерекшеленетін NU студенттеріне қосымша шәкіртақы тағайындауға бағытталады.
Фестивальдің ауқымды бағдарламасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбектің құттықтау сөзімен басталды. Одан кейін танымал түлектер кәсіби жолы мен тәжірибесі туралы әңгімеледі. «Build Your Own Path» панельдік сессиясында Smartestprep, ARLAN BIOTECH, Drinkit, Sturgeon Capital және Outpeer AI компанияларының негізін қалаушылары мен инвесторлары бас қосты. Ал «Leadership & Impact» пікірталасында Otbasy Bank, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және McKinsey өкілдері көшбасшылық пен қоғамға әсер ету тақырыптарын талқылады.
Фестиваль қонақтары кәсіби байланыстар орнатумен қатар, жетекші жұмыс берушілермен тікелей танысуға мүмкіндік беретін Opportunity Hub алаңына да қатысты. Жұмысқа қабылдау аймағында Higgsfield AI, BI Group, Alstom, BCG, Deloitte, EPAM, KAZ Minerals, McKinsey, Otbasy Bank, SLB, Smart Bridge және Teach For Kazakhstan компанияларының өкілдері болды. Университет кампусында спорттық алаңдар, робототехника және дрондар аймақтары, speed dating форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, балаларға арналған үлкен ойын алаңы жұмыс істеді.
Күннің ерекше сәттерінің бірі — дәстүрлі оқу бітіру рәсімі пандемия кезеңіне тұспа-тұс келген 2020 және 2021 жылғы түлектерге арналған салтанатты рәсім болды. NU Президенті Профессор Вақар Ахмад университетке қайта оралған түлектерді өзі қарсы алып, олардың оқу жетістіктерін ресми түрде атап өтті. Фестиваль NU Orchestra мен NU Choir ұжымдарының, студенттік би және вокал клубтарының өнер көрсетуімен жалғасып, кештің басты музыкалық қонағы ALEM болды.
NU Alumni Fest 2026 фестивалін өткізуге BI Group және Higgsfield AI компаниялары негізгі серіктес ретінде қолдау көрсетті. Фестиваль түлектерді, студенттерді, оқытушыларды, қызметкерлер мен университет серіктестерін бір алаңға жинап, кәсіби қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бастамаларға жол ашты.



















