Қазақстандағы 14 000 шақырымнан астам ирригациялық канал шұғыл жаңғыртуды қажет етеді. Жыл сайын ағып кету мен сүзілудің салдарынан 12–15 текше шақырым су жоғалады — бұл ірі өзеннің бір жылдық ағынымен салыстыруға болатын көлем. Дәстүрлі бетон −30°C-қа дейінгі аязда жарылады, тұзданған топырақтың әсерінен бұзылады және 5–10 жылдан артық қызмет етпейді.
Nazarbayev University зерттеушілері бұл мәселені шешудің инновациялық жолдарын ұсынып отыр.
2026 жылғы 7 шілдеде NU вице-президенті Гүлмира Қанай Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар су шығынын азайтуға және су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бағытталған екі ғылыми-зерттеу жобасын талқылады. Аталған бастамалардың серіктесі ретінде министрліктің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы жұмысқа мемлекеттік үйлестіру жүргізеді.
Бірінші жоба Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Санг Ву Мунның жетекшілігімен, профессорлар Альфрендо Сатьянага және Вуджин Лимен бірлесіп жүзеге асырылуда. Зерттеушілер ирригациялық каналдарға арналған сүзілуді болдырмайтын қаптамалар жасау үшін BOF-шлак пен сульфоалюминатты цементті (CSA) қолдану мүмкіндігін зерттеуде. Жоба аясында зертханалық зерттеулер, су сапасы мен экологиялық қауіпсіздікті бағалау, сондай-ақ пилоттық нысандарда далалық сынақтар жүргізу қарастырылған. Болашақта бұл жұмыстың нәтижелері Қазақстанда аталған технологияны қолдануға арналған алғашқы ұлттық техникалық регламенттің негізіне айналуы мүмкін.
Екінші жобаны қауымдастырылған профессорлар Чанг-Сеон Шон, Дичуан Жанг және Альфрендо Сатьянага постдокторант Сәкен Сандыбаймен бірлесіп жүзеге асыруда. Зерттеу тобы өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы қалдықтарынан алынатын геополимерлік материалдар негізінде климаттық жағдайларға бейімделген канал қаптамаларын әзірлеуде. Сонымен қатар жоба спутниктік және геокеңістіктік деректерді пайдалана отырып су шығынын цифрлық мониторингтеуді, сондай-ақ суару жүйелерін жаңғыртудың экологиялық және экономикалық әсерін бағалауды қамтиды.
Кездесу барысында министр екі бастаманы бірыңғай кешенді жобаға біріктіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жұмысқа Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын тарту және еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі «Қазсушар» РМК нысандарында зертханалық зерттеулер мен далалық сынақтар өткізу мәселелері талқыланды.
«Министрлік NU-мен әріптестікті жоғары бағалайды және ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа үміт артады», — деп атап өтті министр Нұржігітов.
Бірлескен зерттеулердің нәтижелері Қазақстанның ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту және су тапшылығы күшейіп келе жатқан жағдайда су шығынын азайту үшін ең тиімді шешімдерді айқындауға мүмкіндік береді деп күтілуде.













