Nazarbayev University мен South China Morning Post өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Nazarbayev University мен 122 жылдан астам тарихы бар Гонконгтың ағылшын тіліндегі South China Morning Post (SCMP) басылымы 2026 жылғы 6 қыркүйекте өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат SCMP-ның Орталық Азиядағы капитал ағындары, технологиялық инновациялар және экономикалық әлеуетке арналған негізгі конференциясы — China Conference: Central Asia 2026 қарсаңында рәсімделді.  

Келісім NU-дың зерттеулері мен академиялық сараптамасын SCMP медиаресурстары арқылы халықаралық аудиторияға кеңінен таныстыруға, студенттер мен оқытушылардың халықаралық контент пен білімге қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ Орталық Азия мен Азия елдері арасындағы академиялық және білім беру байланыстарын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

Келісімге түсініктеме берген South China Morning Post баспагері Тэмми Там оның стратегиялық әрі тарихи маңызын атап өтті: «Nazarbayev University-мен осындай маңызды серіктестік орнату біз үшін үлкен мәртебе. Бұл Қазақстанда 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тарихи “Жібек жолының экономикалық белдеуі” бастамасын жариялаған кезден бастау алған жаһандық өзара байланыс дәстүрінің жалғасы. Бұл меморандум озық академиялық зерттеулер мен әлемдік медиа саласындағы жоғары кәсіби шеберлікті байланыстыратын маңызды көпірге айналады. Қытай мен Азияны кеңінен қамтитын жетекші медиалардың бірі ретінде South China Morning Post Қазақстанның жетекші университетімен ынтымақтастық орнатып, шекарааралық журналистиканы дамытуға, мәдени және білім беру байланыстарын тереңдетуге, сондай-ақ жаһандық өзара байланыстың болашағы мен өңірдің адами әлеуетін қалыптастыруда Еуразияның маңызды рөлін тереңірек түсінуге ықпал етуге мүмкіндік алғанын мақтан тұтады»

Nazarbayev University үшін бұл серіктестік ғылыми зерттеулер нәтижелері мен академиялық сараптаманы кеңірек халықаралық аудиторияға таныстыруға, сондай-ақ Азияда болып жатқан үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. 

Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад өз кезегінде: «South China Morning Post секілді әлемге танымал медиакомпаниямен серіктестік орнату Nazarbayev University-дің академиялық сараптамасы мен зерттеу нәтижелерін әлдеқайда кең халықаралық аудиторияға таныстыруға үлкен мүмкіндік береді. SCMP-ның әлемдегі ең серпінді әрі ықпалды өңірлердің бірінде кең ауқымды аудиториясы бар. Бұл серіктестік NU-дың халықаралық танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге біздің академиялық сараптамамыз SCMP-ға Орталық Азия туралы жаңа көзқарастар мен білім ұсына алады».

Қол қойылған меморандум студенттерге де халықаралық медиакомпанияның жұмысымен танысып, оның жаһандық және өңірлік мәселелерді жариялаудағы ұстанымдары туралы түсінік алуға мүмкіндік береді. 

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53