Орталық Азияда сапалы жоғары білімге сұраныс артып келеді. Осыған байланысты жастардың әлеуетін ашып, өңірде өз болашағын қалыптастыруына мүмкіндік беретін қолайлы орта құрудың маңызы да арта түсуде. Бұл мәселе China Conference: Central Asia 2026 конференциясында кеңінен талқыланды. Жиында Nazarbayev University басшылығы адами капиталды дамыту, биотехнология мен жасанды интеллектіні ілгерілету, сондай-ақ білім берудің елдер арасындағы байланысты нығайтудағы рөлі туралы пікір бөлісті.
NU президенті, профессор Вакар Ахмадтың айтуынша, талантты мамандарды елге тарту және олардың әлеуетін өңірде іске асыруы үшін университеттердің өзін ғана дамыту жеткіліксіз. Жастардың тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, еңбек нарығында өз орнын табуына көмектесетін орта қалыптастыру да маңызды.
«Лондон, Нью-Йорк немесе Біріккен Араб Әмірліктері секілді білім беру орталықтарына қарасақ, мәселе тек білім сапасында емес екенін көреміз. Әрине, білім сапасы — іргелі мәні бар фактор. Алайда тұтас экожүйенің маңызы одан кем емес. Студенттердің тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік бар ма? Олар өз елдеріне оралмас бұрын тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын дамыту үшін, тіпті қысқа мерзімге болса да, жұмыс істей ала ма? Меніңше, Гонконг мұндай экожүйені қалыптастырып үлгерді, ал Қазақстан осы бағытта алға жылжып келеді», — деді профессор Ахмад.
Биотехнология және денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні қолдануға арналған панельдік сессияда NU вице-президенті әрі Медицина мектебінің деканы, профессор Хак Нг Қазақстанның техникалық кадрлық әлеуетін Гонконгтың халықаралық қаржы және технологиялық байланыстарымен ұштастырудың мүмкіндіктеріне тоқталды.
Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында жұмыс істейтін стартаптар қауымдастығы қалыптасып келеді. Профессордың пікірінше, ендігі міндет — осы әлеуетті әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті биомедициналық және биотехнологиялық компанияларға айналдыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым мен қолайлы жағдай қалыптастыру.
«Бүгінгі жағдайға қарасақ, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында жұмыс істейтін көптеген стартапты көріп отырмыз. Мемлекеттік саясат дұрыс қалыптасып, қажетті қолдау көрсетіліп, білікті мамандар даярлау жолға қойылса, Қазақстанның ауқымды биомедициналық және биотехнологиялық экожүйе құруына еш кедергі жоқ деп сенемін», — деп атап өтті ол.
Профессор Нг Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі ретінде цифрлық технологиялар саласындағы кадрлық әлеуетті атады. Сонымен қатар елдегі инновациялық экожүйе әзірге қалыптасу кезеңінде екенін атап өтті.
Конференциядағы тағы бір пікірталас мәдени алмасуға және оның Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды қалыптастырудағы рөліне арналды. Бұл бағытта да университеттердің орны ерекше. Себебі кәсіби жолын енді бастап келе жатқан жастардың халықаралық тәжірибесі олардың өзге қоғамдарға және өз еліне деген көзқарасын кеңейте алады.
NU вице-провосты әрі Жоғары білім беру мектебінің деканы, профессор Аида Сагинтаева жастардың білім алу, академиялық ұтқырлық және күнделікті қарым-қатынас арқылы мәдениеттер арасындағы байланысты нығайта алатынын атап өтті.
«Жас ұрпақ мәдениеттер арасындағы шынайы көпір бола алады. Халықаралық ортада білім алып, түрлі адамдармен араласу арқылы жастар басқа елдердің ерекшеліктерін түсінуді үйренеді. Сонымен бірге өз мәдениетін өзгелерге таныстыратын тұлғаға айналады. Сондықтан университеттердің міндеті — білім берумен ғана шектелмей, өзара құрмет пен ашықтыққа негізделген орта қалыптастыру», — деді профессор Сагинтаева.
Nazarbayev University әртүрлі елдерден келген студенттер мен оқытушылардың басын қосып, академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді. Мұндай алмасу бағдарламалары оқу немесе жеке зерттеу жобасының шеңберінен шығатын байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп, халықаралық білім мен өзара сенімге негізделген кәсіби желілердің қалыптасуына ықпал етеді.
China Conference: Central Asia 2026 — South China Morning Post (SCMP) басылымы Астана халықаралық қаржы орталығымен (AIFC) бірлесіп ұйымдастырған бір күндік жоғары деңгейдегі форум. Іс-шара барысында Қытайдан және басқа елдерден келген инвесторлар, саясаткерлер мен бизнес өкілдері макроэкономика және дипломатия, тау-кен өнеркәсібі мен табиғи ресурстар, қаржылық қызметтер мен капитал тарту, сондай-ақ инфрақұрылым мен логистика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

















