Оқытушылар мен студент-кәсіпкерлер инновацияларын жаһандық нарыққа шығаруда

Nazarbayev University студенттер, оқытушылар мен зерттеушілердің идеялары мен ғылыми әзірлемелерін технологиялық жобаларға айналдырып, оларды халықаралық нарықтарға шығаруға мүмкіндік беретін инновациялық экожүйені дамытып келеді.

Бұл экожүйенің маңызды бөлігі — Nazarbayev University Science & Technology Park (NU STeP) пен Стэнфорд университетімен байланысты коммерциялық емес StartX акселераторы арасындағы стратегиялық серіктестік. 2022 жылдан бері NU STeP атынан 18 жоба StartX бағдарламаларына қатысты. Олардың қатарында жасанды интеллект, медициналық технологиялар, биотехнология, сондай-ақ EdTech және DeepTech бағыттарында шешімдер ұсынатын Cerebra AI, Arlan Biotech, Defect AI, Mirai Tech және WeGlobal AI сияқты стартаптар бар.

Мәселен, Cerebra AI инсультты ерте кезеңде анықтауға арналған жасанды интеллект технологиясын әзірлеп жатса, Mirai Tech жарақаттардың алдын алып, қалыпқа келу процесін бақылауға мүмкіндік беретін ЖИ-негізіндегі портативті биомеханикалық зертхана жасап шығаруда.

«Қазақстандық стартаптардың халықаралық деңгейде мойындалып жатқанына мақтанамыз. Қазақстанның әлеуметтік және технологиялық дамуына бағытталған инновациялық жобаларға институционалдық және қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырамыз. StartX сияқты жаһандық инновациялық платформалармен серіктестік кәсіпкерлерге сараптамалық білімге, кәсіби ортаға және жаңа нарықтарға жол ашады. Бұл жұмыстың басты нәтижесі — стартаптарымыздың халықаралық бағдарламаларға қатысуы ғана емес, бәсекеге қабілетті өнімдер жасап, Қазақстанды жаһандық деңгейде таныта алатын жаңа технологиялық компаниялардың қалыптасуы», — деді NU атқарушы вице-президенті Аслан Саринжипов.

NU STeP пен StartX арасындағы серіктестік университеттегі ғылыми зерттеулер, кәсіпкерлік, инвестициялар мен халықаралық байланыстардың бір арнаға тоғысып, қазақстандық технологиялық жобалардың ішкі нарықтан тыс дамуына қалай мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Толық мақаланы The Pie News басылымынан оқыңыз.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53