Mirai Tech Силикон алқабындағы халықаралық байқауда екінші орын алды

Nazarbayev University (NU) базасында әзірленген ғылыми жоба негізінде құрылған Mirai Tech стартапы Силикон алқабында өткен WT Innovation World Cup USA 2026 халықаралық байқауында екінші орын алды. Байқау киілетін технологиялар саласындағы инновациялық шешімдерге арналды.

Mirai Tech спортшылардың жаттығу және жарыс кезіндегі қозғалысын талдауға мүмкіндік беретін биомеханикалық технологияларды әзірлейді. Бұл шешім қозғалыстағы өзгерістерді бақылауға, жаттығу жүктемесін тиімді басқаруға және жарақат алу қаупін көрсетуі мүмкін факторларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Халықаралық байқауда Mirai Tech атынан NU және Stanford University түлегі Тамирлан Сейдахметов қатысты. Ол стартапта AI және Data бағытына жетекшілік етеді. Бұған дейін Meta және Apple компанияларында жұмыс істеген.

Mirai Tech негізін қалаушы, NU профессоры Гүлнұр Қалимулдина стартаптың дамуына университет экожүйесі мен серіктестердің қолдауы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Бұл жетістік біз үшін марапат қана емес, Қазақстанда әзірленген ғылыми жобалардың жаһандық технологиялық өнімге айнала алатынын көрсететін нәтиже. Mirai Tech-тің дамуына NU экожүйесімен қатар инвесторларымыздың, серіктестеріміздің, менторларымыздың және халықаралық қауымдастықтың қолдауы ықпал етіп келеді. NU Impact Foundation университетте жасалған әзірлемені коммерцияландыруға және халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған жолда бізге қолдау көрсетеді», — деді Гүлнұр Қалимулдина.

Бүгінде Mirai Tech халықаралық sports-tech компаниясы ретінде дамып келеді. Команда биомеханикалық деректерді кәсіби спорт командалары мен спортшыларға жаттығу және жарыс жағдайында қолжетімді етуге бағытталған технологияларды дамытып жатыр.

2026 жылы стартап WIPO Global Awards аясында да мойындалып, Силикон алқабындағы StartX экожүйесі арқылы жобасын дамытты. Сонымен қатар Mirai Tech Startup World Cup Kazakhstan 2026 байқауында жеңіске жетіп, Сан-Францискода өтетін жаһандық финалда Қазақстанның атынан қатысу мүмкіндігіне ие болды.

WT Innovation World Cup USA 2026 байқауындағы нәтиже Mirai Tech-тің халықаралық жетістіктерін толықтыра түсіп, NU базасында әзірленген ғылыми жобалардың жаһандық технологиялық нарыққа шығу әлеуетін көрсетеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53