Қазақстанда тарихи ескерткіштердің цифрлық архиві жасалады

Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы архитектуралық ескерткіштерді, археологиялық нысандарды, киелі орындарды, табиғи ландшафттарды және қалалық кеңістіктерді қамтиды. Алайда олардың бір бөлігі уақыттың, климаттық өзгерістердің, табиғи үдерістердің, урбанизацияның, сапасыз реставрацияның, инфрақұрылымдық қысымның және вандализмнің салдарынан жойылу қаупінде тұр. Соның нәтижесінде кейбір нысандардың біржола жоғалып кету қаупі бар.

Осы мәселені шешу мақсатында Ардақ Мұқанова мен Анвар Мүсрепов LiDAR Heritage Kazakhstan жобасын іске қосты. Бұл бастама Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасын заманауи 3D-сканерлеу және деректендіру технологиялары арқылы цифрлық түрде сақтауға бағытталған.

Жоба Nazarbayev University жанындағы еліміздегі алғашқы Art&Tech зертханасы — NU Өnergy Creative Hub базасында дамып келеді және университет зерттеушілерімен бірлесіп LiDAR технологияларын қолданады. Команда мұндай пәнаралық тәсіл тек визуалды 3D-модель жасаумен шектелмей, геодезия, археология, сәулет, биология, экология, цифрлық гуманитаристика және музейтану салаларын біріктіретін кешенді ғылыми дерекқор қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтады.

Зерттеушілердің пікірінше, LiDAR технологиялары нысанның сыртқы келбетін ғана емес, оның кеңістіктік құрылымын да дәл тіркеуге жол ашады. Бұл рельеф, геометрия, құрылым, деформациялар және қоршаған орта ерекшеліктерін қамтиды.

«Біз мәдени мұраны тек көрнекі бейне ретінде емес, күрделі деректер жүйесі ретінде қарастырамыз. Мұнда нысанның кеңістіктік құрылымы мен ғылыми контексті де аса маңызды», — дейді жоба тең құрылтайшысы Анвар Мүсрепов.

Жоба аясында музейлердің, тарихи ескерткіштердің және археологиялық нысандардың VR/AR технологиялары негізінде цифрлық көшірмелерін жасау, 3D-картографиялық шешімдерді дамыту, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және Қазақстанда мәдени мұра саласындағы цифрлық сараптама нарығын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Жұмыс тобы цифрландырылатын нысандар қатарын анықтап үлгерген. Олардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шопан-Ата және Бекет-Ата жерасты мешіттері, Таңбалы петроглифтері, сондай-ақ Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарындағы қорғандар мен ежелгі қоныстар бар. Жобаның алғашқы кезеңінде Nazarbayev University кампусы мен Арыстанбаб кесенесі сканерленіп, Қазақстанның цифрлық мұра архивін қалыптастырудағы алғашқы қадам жасалды.

«Көптеген елдерде археология, реставрация және қала жоспарлау салаларында LiDAR технологиясы кеңінен қолданылатын ұлттық цифрлық мұра базалары бар. Қазақстан мен Орталық Азия үшін бұл жоба осындай ауқымдағы жүйелі бастамалардың алғашқысы болуы мүмкін», — дейді Анвар Мүсрепов.

Оның айтуынша, жобаның басты құндылығы — ұзақ мерзімді цифрлық архив қалыптастыру. Яғни, нысан зақымданған немесе жойылған жағдайда да оның жоғары дәлдіктегі цифрлық көшірмесі ғылыми зерттеу мен қоғамдық қолжетімділік үшін сақталып қалады.

Алдағы жылдары жоба деректер базасын кеңейтіп, Nazarbayev University-мен серіктестікті дамытуды жоспарлап отыр. Университет зерттеушілерімен бірлесе отырып геодезия, археология, биология, экология, сәулет және цифрлық технологияларды біріктіретін пәнаралық талдау жүйесі қалыптастырылмақ.

Сонымен қатар білім беру және көпшілікке арналған форматтар да дамытылады: дәрістер, воркшоптар, көрмелер, VR/AR экспозициялар, қалалық фестивальдер және студенттерге, оқушыларға, музей мамандарына, сәулетшілер мен мәдени мұра саласының мамандарына арналған бағдарламалар.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53