Жаңа материалдар, ЖИ және болашақ аккумуляторлар: INESS-2026 конференциясында 100-ден астам ғылыми әзірлеме таныстырылды

5–7 тамыз аралығында Nazarbayev University-де Наноматериалдар және озық энергия сақтау жүйелері бойынша XIV халықаралық конференция (INESS-2026) өтуде. Конференцияға Еуропа, Азия, Африка және Солтүстік Американың 10-нан астам елінен келген 200-ден астам ғалым, инженер және өнеркәсіп өкілдері қатысуда. Іс-шараны Nazarbayev University, Institute of Batteries және Institute of New Materials and Energy Technologies (INMET) бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Конференцияға қатысушылар алдағы ондаған жылда энергетика саласының дамуына ықпал ететін жаңа материалдар мен озық технологияларды талқылауда. Биылғы форум аясында энергия сақтау жүйелері, жаңа буын аккумуляторлары, жасанды интеллект, электрохимиялық құрылғылар және басқа да перспективалы бағыттар бойынша 100-ден астам ғылыми әзірлеме мен инновациялық жоба таныстырылып жатыр.  

«Nazarbayev University әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. INESS конференциясы – түрлі елдердің ғалымдарын біріктіріп, бүгінгі ғылым мен технологияның өзекті мәселелеріне бірлесіп шешім іздеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң», – деді конференцияның ашылуында Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад.

Конференцияның құрметті баяндамашылары қатарында литий-ионды аккумуляторлар технологиясының негізін қалаушылардың бірі профессор Джефф Дан (Jeff Dahn), литий-ионды аккумуляторларға арналған графит анодының авторы профессор Рашид Язами (Rachid Yazami), натрий-ионды аккумуляторлар саласындағы әлемдік жетекші мамандардың бірі профессор Шинити Комаба (Shinichi Komaba) және басқа да белгілі ғалымдар бар.

«Жиырма жыл бұрын ғылыми зерттеулердің басым бөлігі литий-ионды аккумуляторларға бағытталды. Бүгінде біз аккумуляторлардың жаңа түрлерін белсенді зерттеп жатырмыз, өйткені алдағы 10, 20 немесе 30 жылда қоғамның қажеттілігі өзгереді. Сондықтан энергия сақтау технологиялары бойынша іргелі зерттеулердің маңызы ерекше. Қазіргі таңда ең болашағы зор бағыттардың бірі – натрий-ионды аккумуляторлар. Қазақстанды қоса алғанда көптеген мемлекет осы технологияны дамытуға басымдық беруде», – деді Токио ғылым университетінің профессоры Шинити Комаба.

Электр көліктерінің, жаңартылатын энергетиканың, ұшқышсыз жүйелердің және ғарыш саласының қарқынды дамуына байланысты жаңа аккумуляторлық технологияларға сұраныс әлем бойынша артып келеді. Осыған сәйкес энергия сыйымдылығы жоғары, жылдам қуатталатын, қызмет ету мерзімі ұзақ әрі қауіпсіз аккумуляторларды жасауға бағытталған зерттеулердің өзектілігі де күшейіп отыр.

Nazarbayev University ғылыми инфрақұрылымында литий-ионды аккумуляторлар өндіруге арналған екі пилоттық өндіріс желісі жұмыс істейді. Бұл зерттеушілерге жаңа материалдарды әзірлеуден бастап электродтарды дайындау, аккумулятор ұяшықтары мен батарея модульдерін құрастыру және оларды сынақтан өткізуге дейінгі толық ғылыми-технологиялық циклді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Осы инфрақұрылымның арқасында біз әртүрлі форматтағы литий-ионды аккумуляторларды өндірудің өзіндік технологиясын әзірлеп, алғашқы тәжірибелік үлгілерін жасадық. Ең бастысы, біздің әзірлемелер зертханамен шектелмей, тәжірибеде қолданылып жатыр. Өзіміз жасаған аккумулятор блогы электр көлігіне орнатылып, оның борттық электроникасын қоректендіретін штаттық 12 V аккумулятор ретінде сынақтан сәтті өтті», – деді INMET бас директоры, NU профессоры Жұмабай Бәкенов.

Қазіргі таңда Nazarbayev University зерттеу топтары жоғары меншікті энергия сыйымдылығы, сенімділігі және өте төмен температурада тұрақты жұмыс істеуі талап етілетін стратосфералық платформаларды қоса алғанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған арнайы аккумулятор жүйелерін әзірлеуге кірісті. Сонымен қатар CubeSat форматындағы шағын жерсеріктерге арналған аккумуляторларды жасау жұмыстары да басталды.

2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан INESS конференциясы материалтану мен энергетикалық технологиялар саласындағы Орталық Азияның жетекші халықаралық ғылыми алаңдарының біріне айналды. Осы жылдар ішінде конференция әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған зерттеушіні біріктіріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен зерттеу жобаларының жүзеге асуына ықпал етіп келеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53