ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Nazarbayev University Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтып келеді. Серіктестікті дамытудың кезекті қадамы — Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды.

NU президенті Вакар Ахмад ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевпен кездесуі барысында университеттің атом саласымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін және білікті мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерді дамытуға үлес қосуға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ғылыми зерттеулерді дамытуға, технологиялық кәсіпкерлікке және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған NU Science & Technology Park инновациялық кластері туралы айтып берді.

«Біз үшін бұл Меморандумға қол қою жай ғана формальды рәсім емес. Бұл еліміздің болашағына нақты үлес қосу мақсатына деген берік ұстанымымыздың көрінісі», — деді профессор В. Ахмад.

А. Сәтқалиев өз кезегінде университеттің жоғары ғылыми әлеуетін және одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Сондай-ақ ол NU-дың Қазақстанның атом саласын дамытуға қазірдің өзінде елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты. Университет өкілдері Агенттіктің Ғылыми-техникалық кеңесінің құрамына кіріп, саланы дамытудың негізгі мәселелерін талқылауға қатысады. Бұдан бөлек, NU зерттеушілері ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының сарапшылар тобының құрамында атом энергетикасы саласындағы ұлттық форсайт-зерттеуін өзектендіру жұмысына қатысып жатыр.

«Nazarbayev University — менің альма-матерім. Мен NU мен Duke University бірлесіп жүзеге асыратын Executive MBA бағдарламасын тәмамдадым. Бұл бағдарлама кәсіби жолымның маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан мен университетке ерекше құрметпен қараймын және онымен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін жоғары бағалаймын», — деп қосты А. Сәтқалиев.

Меморандум Қазақстанның атом саласын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуды көздейді. Құжат аясында тараптар атом энергетикасы, ядролық физика, материалтану, энергетикалық технологиялар және химиялық инженерия бағыттарына ерекше назар аудара отырып, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды жүзеге асырады. Ынтымақтастық мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, тағылымдамалар мен практикаларды ұйымдастыру, мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми және сараптамалық іс-шаралар өткізу бағыттарын қамтиды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53