NU ғалымы Еуразиядағы ежелгі адамдардың қоныстануын зерттеуге арналған беделді халықаралық грантқа ие болды

Nazarbayev University-дің әлеуметтану және антропология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Рид Койл адамзаттың шығу тегі мен эволюциясын зерттеуді қолдайтын әлемдегі беделді ұйымдардың бірі – Leakey Foundation зерттеу грантының иегері атанды. Биыл әлемнің әртүрлі университеттерінен түскен 151 өтінімнің ішінен небәрі 32 жоба қаржыландыруға ұсынылған.

Грант Грузиядағы ерте плейстоцен дәуіріне жататын Орозмани археологиялық ескерткішін зерттеуге арналған «Орозмани археологиялық ескерткішіндегі зооархеология, тафономия және ескерткіштің қалыптасу үдерістері» (Zooarchaeology, Taphonomy, and Site Formation at the Early Pleistocene Archaeological Site at Orozmani, Georgia) жобасын жүзеге асыруға бөлінді. Бұл жоба Еуразиядағы Homo туысының ең алғашқы өкілдері мекендеген көне орындардың бірін жан-жақты зерттеуге бағытталған. 

Зерттеудің басты мақсаты – Африкадан тыс жерлерге қоныс аударған алғашқы адамдардың өмір салтын тереңірек зерделеу. Ғалымдар Орозманидағы төменгі палеолит тұрақтарын зерттеу арқылы олардың қорек табу тәсілдерін, мінез-құлқын және жыртқыштармен қарым-қатынасын анықтауды көздейді. Зерттеу нәтижелері бұл ескерткіштің Еуразияға адамдардың алғашқы таралу тарихындағы орнын дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.

«Орозмани – Еуразиядағы ең көне археологиялық ескерткіштердің бірі. Ол адамдардың Африкадан тыс аумақтарға алғаш қоныстану кезеңін тереңірек түсінуге бірегей мүмкіндік береді. Бұл дәуірге қатысты деректер өте аз және бірнеше ғана ескерткішпен шектеледі. Сондықтан әрбір жаңа ғылыми жаңалық ежелгі адамдардың қандай табиғи ортада өмір сүргенін, қандай жануарлармен бірге тіршілік еткенін және Еуразияға таралу барысында қоршаған ортаға қалай бейімделгенін нақтырақ анықтауға көмектеседі», – деді қауымдастырылған профессор Койл.

Жобаның Қазақстан үшін де маңызы зор. Ғалымның айтуынша, көршілес өңірлердегі археологиялық зерттеулер еліміз аумағынан осындай көне ескерткіштерді іздеуге ғылыми негіз қалыптастырады.

«Қазақстан аумағындағы адамзаттың ең ерте кезеңдегі қоныстануына қатысты деректер әлі де жеткілікті зерттелген жоқ. Соңғы жылдары табылған кейбір олжалар ғылыми ортада әлі де талқыланып келеді. Сондықтан көршілес өңірлерде жүрген үдерістерді тереңірек түсіну Қазақстаннан ерте плейстоцен дәуіріне жататын ескерткіштерді іздеуге сенімді ғылыми негіз қалайды», – деді ғалым.

Жаңа жоба Nazarbayev University-дің Faculty Development Competitive Research Grants Program (FDCRGP) бағдарламасы аясында 2023–2025 жылдары қолдау тапқан зерттеулердің заңды жалғасы болып отыр. Сол қаржыландырудың арқасында далалық зерттеулер жүргізіліп, NU студенттері археологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен ғылыми деректер жинау бойынша тәжірибелік дайындықтан өтті.

«Мұндай зерттеу жобалары Қазақстанда ерте дәуір археологиясын зерттейтін жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді. Олар осы кезеңнің археологиялық ескерткіштерін анықтап, Homo erectus кезеңіне тән тас құралдары мен жануарлар сүйектерін ажырата алатын кәсіби археолог болып қалыптасады», – деді қауымдастырылған профессор Койл.

Өткен жылы Орозмани археологиялық ескерткіші халықаралық ғылыми қауымдастықтың ерекше назарын аударды. Сол кезде зерттеушілер шамамен 1,8 миллион жыл бұрын өмір сүрген Homo erectus өкілінің төменгі жақ сүйегін тапқан болатын.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53