NU мен ICTO төмен көміртекті технологиялар саласындағы бірлескен

NU президенті, профессор Вакар Ахмад Көмірқышқыл газын тұту, пайдалану және сақтау саласындағы инновациялар жөніндегі халықаралық кооперативтік ұйымының (ICTO) төрағасы доктор Ма Юншэн бастаған делегациямен кездесті.

Делегацияның сапары 1–2 қыркүйек күндері Астанада өткен Халықаралық CCUS 2026 технологиялық конференциясы аясында ұйымдастырылды. Бұл — ICTO-ның Қытайдан тыс жерде алғаш рет өткізген халықаралық конференциясы. Іс-шараны ұйымдастыруға Nazarbayev University жанындағы Institute of New Materials and Energy Technologies (INMET) те атсалысты.

Кездесу барысында тараптар көмірқышқыл газын ұстау, пайдалану және сақтау бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу мен жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу мүмкіндіктерін талқылады.

Доктор Ма Юншэн ICTO ұйымының NU-дың академиялық және ғылыми әлеуетіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. «Болашақта осындай конференцияларды өткізуді жалғастырғымыз келеді. Бұл үшін академиялық қауымдастық пен сарапшылардың қолдауы және олармен ынтымақтастық біз үшін ерекше маңызды. NU-мен тығыз байланысымызды одан әрі жалғастырамыз деп үміттенеміз», — деді ICTO басшысы.

Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарының қатарында көмірқышқыл газын тұту және сақтау технологияларын әзірлеу мен сынақтан өткізу, оны өнеркәсіпте пайдалану, сондай-ақ бұл шешімдерді сутегі энергетикасымен және энергия сақтау технологияларымен ұштастыру. Сонымен бірге бірлескен магистратура және докторантура бағдарламалары, жас ғалымдар алмасуы және халықаралық жазғы мектептер арқылы жас мамандар мен зерттеушілерді даярлау мәселелері де қарастырылды.

NU президенті Вакар Ахмад ұсынылған ынтымақтастық бағыттары университеттің стратегиялық басымдықтарына және Қазақстан алдында тұрған өзекті міндеттерге сай келетінін атап өтті. «Бұл — университетіміздің мақсат-мұратына сай келетін өте маңызды бастамалар. Олардың еліміздің болашағы үшін де маңызы зор. Біз сіздермен осы бағыттардың барлығында жұмыс істеуге мүдделіміз», — деді профессор Вакар Ахмад.

CCUS технологиялары энергетика мен өнеркәсіп салаларында түзілетін көмірқышқыл газын ұстап, оның атмосфераға таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Ұсталған CO₂ түрлі өндірістік процестерде пайдаланылуы немесе ұзақ мерзімге сақтауға жіберілуі мүмкін. Мұндай технологияларды дамыту өнеркәсіптік шығарындыларды азайтуға және төмен көміртекті экономикаға көшуге ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі саналады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53