12 қазанда NU-де маңызды шикізат материалдарына арналған Қазақстан-Бельгия семинары өтті. Екі елдің мемлекеттік органдарының, өнеркәсіп және ғылыми қауымдастық өкілдері минералдық шикізатты өндіру мен өңдеу, сондай-ақ қосылған құны жоғары материалдар шығару салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Іс-шара Бельгия Королінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті. Семинарды Левен католиктік университетінің (KU Leuven) Тұрақты металдар мен минералдар институты (SIM²) және Nazarbayev University Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттер мен өнеркәсіп арасындағы әріптестіктің Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетіне деген сенімді нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен бастамалар мен зерттеу орталықтарын құру университеттердегі зерттеулердің бизнес үшін практикалық маңызын көрсетуге және инновацияларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Министр Қазақстанда зерттеу университеті моделін дамытудың мысалы ретінде NU-ді атады.
«NU – елдегі ұлттық бастама аясында құрылған алғашқы зерттеу университеті», – деді Саясат Нұрбек. Ол университеттің халықаралық рейтингтердегі ілгерілеуі оны дамытуға салынған ұзақ мерзімді инвестициялардың нәтижесін көрсететінін атап өтті.
NU жанындағы Жаңа материалдар және энергетикалық технологиялар институтының (INMET) бас директоры, профессор Жұмабай Бәкенов Қазақстан мен Бельгия арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері туралы айтты. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына бірлескен зерттеу орталықтарын құру, академиялық алмасу және қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу кіреді.
«Бұл орталықтарда бельгиялық мамандармен бірлесіп жұмыс істейміз. Біздің студенттеріміз Бельгияға барып, білім ала алады. Сондай-ақ қазақстандық және бельгиялық студенттер бірлесіп оқып, екі университеттің дипломдарын алатын қос дипломды бағдарламаларды талқылауды жоспарлап отырмыз», – деді Жұмабай Бәкенов.
Семинарда өнеркәсіптік ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Талқылауға екі елдің компанияларының, соның ішінде Molymet Belgium, Hydrometal, «Қазатомөнеркәсіп» және «Тау-Кен Самұрық» өкілдері қатысты. Олар маңызды шикізат материалдары саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін, соның ішінде оларды өндіру және өңдеу технологияларын дамыту мәселелерін қарастырды.















