NU ғалымдары Қазақстан тарихына арналған жаңа жетітомдық еңбекті әзірлеуге қатысты

Nazarbayev University (NU) ғалымдары 2021 жылы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен әзірлене бастаған «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жетітомдық академиялық еңбекті дайындауға қатысты. NU ассистент-профессоры Михаил Акулов бас редакциялық алқа құрамына еніп, 1917–1991 жылдар аралығын қамтитын алтыншы томның редакторы болды.

Алтыншы томды әзірлеуге 74 зерттеуші атсалысты. Олардың 17-сі шетелдік ғалымдар. Авторлар он елдегі 81 архивтің материалдарын пайдаланды. Жобаға NU-дың төрт оқытушысы мен Eurasian Studies бағдарламасының жеті докторанты да қатысты.

Михаил Акулов жетітомдық еңбектің материалдарын сараптауға, жобаға шетелдік зерттеушілерді тартуға қатысты. Сондай-ақ алтыншы томның кіріспесін бірлесіп жазып, Қазақстанның ХХ ғасырдағы экономикасы мен тарихнамасына арналған екі авторлық мәтін дайындады.

Редакторлар алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – ондаған автордың еңбегін бірізді әрі тұтас тарихи баяндауға біріктіру болды. Халықаралық зерттеу тобының құрамы Қазақстан тарихын түрлі ғылыми тұрғыдан қарастыруға және елдер арасындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.

El.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында Михаил Акулов жетітомдық еңбекті әзірлеу барысы, тарихи зерттеудің негізгі қағидаттары, ғылыми сараптаманың маңызы және дереккөздерді сыни тұрғыдан бағалау қажеттігі туралы әңгімеледі. Ол NU-дың жас зерттеушілерінің үлесіне де тоқталды. Жоба оларға білімін тәжірибеде қолдануға және жетекші тарихшылармен бірлесіп жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берді.

Алтыншы томның қалай әзірленгені, редакторлар қандай қиындықтарға тап болғаны және жас зерттеушілердің тарих ғылымын дамытудағы рөлі туралы толық сұхбатты El.kz сайтынан оқыңыз.

Сұхбатты дайындап, жүргізген – NU баспасөз қызметінің қызметкері Дариға Булат.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53