NU-де Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселесі талқыланды

13 қазанда NU-де Қазақстан мен Бельгия арасындағы жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел өтті. Жиынға Бельгиялықтар Королі Филипп, Патшайым Матильда және Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы екі ел ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі — сыни минералдар саласы болды.

Кездесу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипптің бір күн бұрынғы келіссөздерінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында өтті. Қатысушылар минералды шикізатты өндіру мен терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді дамыту мүмкіндіктерін қарастырды. Ғылым мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және білікті мамандар даярлауға айрықша мән берілді.

Дөңгелек үстелге Қазақстан мен Бельгияның осы салаға жауапты мемлекеттік органдарының өкілдері, «Қазатомөнеркәсіп», Eurasian Resources Group (ERG), «Тау-Кен Самұрық», Molymet және JGI-Hydrometal компанияларының өкілдері, сондай-ақ екі елдің ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттері қатысты.

Дөңгелек үстел қарсаңында NU-де сыни минералдарға арналған Қазақстан-Бельгия семинары өтті. Оны Левен католиктік университетінің (KU Leuven) Тұрақты металдар мен минералдар институты NU-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Семинарда сарапшылар талқылаған мәселелер мен ұсыныстар жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел қатысушыларына таныстырылды.

Осылайша, екі күн бойы NU өнеркәсіптік ынтымақтастықтың практикалық мәселелері мен бірлескен ғылыми зерттеулердің мүмкіндіктерін талқылайтын алаңға айналды. Қатысушылар бәсекеге қабілетті өндірістік тізбектерді дамыту, минералды шикізатты өңдеу технологияларын енгізу, білім мен инновациялар алмасу мәселелеріне назар аударды.

“Аса маңызды минералдар қазіргі заманғы экономиканың негізін құрайды. Олар технология, өнеркәсіп пен қауіпсіздік салаларының берік тірегі саналады. Бельгияда университеттік ғылым мен өнеркәсіп арасындағы толық сенімге негізделген тиімді ынтымақтастық үлгісі табысты жүзеге асырылып келеді. Біз осы тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісуге және өзара сенім рухында бірлескен жұмысты дамытуға дайынбыз. Қазақстанның мол минералдық ресурстары мен активтерін болашақ индустрияға айналдыру жөніндегі стратегиялық пайымына тәнтіміз,” — деді Бельгиялықтар королі Филипп.

Талқылау барысында гидрометаллургияны дамыту, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, айналмалы экономика қағидаттарын енгізу және жер қойнауын пайдалану үдерістерін цифрландыру мәселелері де қарастырылды. Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және университет ғалымдарының әзірлемелерін өнеркәсіпте қолдануға ерекше көңіл бөлінді.

Король Филипп пен Патшайым Матильда NU ғалымдарының ғылыми әзірлемелерімен де танысты. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NU президенті, профессор Вакар Ахмад университеттің жаңа материалдар, энергетикалық технологиялар, жасанды интеллект және робототехника салаларындағы зерттеулерін таныстырды.

Жаңа материалдар және энергетика технологиялар институты (INMET) Қазақстандағы литий мен никель ресурстарын аккумулятор өндірісіне қажетті материалдар алу үшін пайдалану бағытындағы зерттеулерін ұсынды. Институттың тағы бір зерттеу бағыты сирек жер элементтерін игеру және жоғары технологиялық өнеркәсіпке қажетті материалдар әзірлеумен байланысты. Бұл зерттеулер минералды шикізатты терең өңдеу технологияларын жетілдіруге және Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім өндіру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебі (SCAI) мен Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) жасанды интеллект пен робототехника саласындағы әзірлемелерін көрсетті. Олардың қатарында қазақстандық KAZ-LLM тілдік моделі, машиналық аударма жүйелері және робототехникалық шешімдер бар. Жасанды интеллектіні тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі нақты өндірістік міндеттерді шешу үшін қолдану да ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылды.

NU ғалымдарының тағы бір әзірлемесі Бельгиялықтар Королі Филипп пен Королева Матильдаға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барған кезде таныстырылды. Бұл — тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жүру қабілетін қалпына келтіруге арналған роботтандырылған экзоскелет. Оны NU зерттеушілері профессор Прашант Джамвалдың жетекшілігімен әзірлеген.

NU-де өткен дөңгелек үстел Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық басымдықтарын нақты ғылыми және технологиялық жобалармен ұштастыруға мүмкіндік берді. Университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы байланыс жаңа технологияларды әзірлеуге, білікті мамандар даярлауға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Университетке сапары барысында Король Филипп пен Патшайым Матильда NU оқытушылары және студенттерімен де кездесті. Сапар соңында мәртебелі қонақтар университеттің Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Фото: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53