Bett UK 2026 көрмесінде NU түлектерінің үш стартапы таныстырылды

Nazarbayev University 21 қаңтарда Ұлыбританияда басталған халықаралық білім беру көрмесі Bett UK 2026 аясында өз жетістіктерін таныстыруда. Университет Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, академиялық бағдарламаларын және білім беру технологиялары саласындағы (EdTech) әзірлемелерін ұсынды.

Көрменің алғашқы күні өткен Leading EdTech атты негізгі іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысты. Оның барысында NU өз түлектері негізін қалаған үш EdTech-стартапты таныстырды. Осы жобалардың барлығы университеттің бизнес-инкубация бағдарламаларынан өтіп, қазір NU-дың технопарк резиденттері болды.  

Alpha Education — сұранысқа ие мамандарды даярлауға және цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған IT-білім беру экожүйесі. Жоба өзіне тән LMS-платформаны, университеттік білім беру бағдарламаларын және жасанды интеллект инфрақұрылымын біріктіре отырып, тәжірибеге негізделген оқыту мен білім беру өнімдерін жүйелі түрде іске қосу және ауқымын кеңейтуге арналған құралдарды ұсынады.

Artisan Education — инженерлік ойлауды дамытуға арналған дербестендірілген STEAM-платформа. Бұл шешім қазірдің өзінде Қазақстанның 68 мектебінде қолданылып, бейімделетін бағдарламалық қамтамасыз етуді модульдік аппараттық жиынтықтармен ұштастырады. Оқушылар нақты инженерлік жобалармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Стартап халықаралық нарықтарға шығу бағытында да белсенді қадамдар жасауда.

WEGLOBAL.AI — оқушыларды тәуекел тобына ерте анықтауға және олардың әл-ауқатын қолдауға арналған жасанды интеллектке негізделген платформа. Жүйе мыңдаған оқушының деректерін талдап, мамандарға арналған ұсынымдар қалыптастырады. Қазіргі таңда бұл шешімдер Орталық Азиядағы мыңнан астам мектепте енгізілген.

Bett UK көрмесі жыл сайын ондаған елден мемлекеттік органдардың, білім беру мекемелерінің, технологиялық компаниялардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіреді. Көрме аясында білім берудің болашағы, оқу үдерістерін цифрлық түрлендіру, жасанды интеллектіні енгізу және инновациялық білім беру шешімдерін дамыту мәселелері талқыланады.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53