Қазақстанның климаттық мәселелерін шешуге жастар қандай үлес қоса алады? Бұл сұраққа Nazarbayev University-де өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі LCOY Kazakhstan 2026 ұлттық жастар конференциясының қатысушылары жауап іздеді.
Екі күнге созылған конференцияға еліміздің әр өңірінен келген жастар, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Олар Қазақстанның климат саласындағы басымдықтарын, халықаралық климат күн тәртібін және жастардың бүгінде өз қалалары мен өңірлерінде жүзеге асыра алатын жобаларын талқылады.
Конференцияны Climate for Us және SDSN Youth Kazakhstan ұйымдары ұйымдастырды. Жиында елдің болашағына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық берілді. Олардың қатарында NDC 3.0 (еск. — Париж келісіміне қатысушы елдердің БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының хатшылығына ұсынатын климат жөніндегі ұлттық жоспарлары мен міндеттемелерінің үшінші кезеңі), халықаралық климат саясаты және COP31, климаттың өзгеруіне бейімделу, су, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бар. Жастардың экологиялық бастамаларына да ерекше назар аударылды.
Конференция тек пікірталаспен шектелмеді. Қатысушылар практикалық топтарда жұмыс істеп, команда құруды, өз жобаларын әзірлеуді және оларды іске асыру жоспарын жасауды үйренді. Осылайша, климат мәселесі жөніндегі талқылау теориядан нақты шешімдерге ұласты.
Конференцияның маңызды бөлімдерінің бірі — Қазақстанның NDC 3.0 іске асыру жоспарына қатысты жастармен консультация өткізу болды. Қатысушылар климат саясатын энергетика мен көліктен бастап, білім беру мен климаттың өзгеруіне бейімделуге дейінгі бірнеше бағыт бойынша талқылады.
Жұмыс сегіз бағытта жүргізілді: энергетика; ғимараттардың энергия тиімділігі және қалалық орта; көлік; қалдықтарды басқару және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық; ауыл шаруашылығы және жер пайдалану; климаттың өзгеруіне бейімделу; климаттық қаржыландыру; білім беру және жасыл дағдылар.
Консультация қорытындысында қатысушылар басым ұсыныстарды айқындады. Жинақталған материалдар NDC 3.0 іске асыру жоспарын жетілдіру кезінде ескеру үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданады. Сондай-ақ жастар сессиясының нәтижелері жоспар бойынша өткізілген консультациялар туралы есепке енгізіледі.
Осылайша, LCOY Kazakhstan 2026 климаттық мәселелерді талқылайтын алаң ғана емес, жастардың Қазақстанның климат саласындағы болашақ саясатына әсер ететін шешімдерді қалыптастыруға тікелей атсалысуына мүмкіндік беретін алаңға айналды.
«LCOY — бүгінде әлемнің 100-ге жуық елінде БҰҰ-ның жастар қанатының қолдауымен өтіп жатқан жаһандық жастар қозғалысы. Бұл — “жастар жастар үшін” қағидатына негізделген және толығымен жастардың өздері ұйымдастыратын үдеріс. Біз үшін LCOY-дың өңіріне, тәжірибесіне немесе оған қатысу деңгейіне қарамастан, климат мәселесіне қызығушылық танытатын барлық жастар үшін ашық алаң болып қалуы маңызды», — деді LCOY Kazakhstan 2026 үйлестірушісі Алимхан Абулхан.
«Жастардың климат күн тәртібін сырттай бақылаушы емес, оның толыққанды қатысушысы болғаны біз үшін маңызды. LCOY жастарға өз идеяларын дамытуға, пікірлес адамдарды табуға және еліміздің климаттық болашағына әсер ететін шешімдерді талқылауға мүмкіндік береді. Биылғы маңызды бағыттардың бірі NDC 3.0 іске асыру жоспарына қатысты консультация болды. Оның барысында қатысушылар климат саясатының нақты бағыттары бойынша өз ұсыныстарын білдіре алды», — деді LCOY Kazakhstan 2026 үйлестірушісі Балнұр Баймағамбет.
LCOY Kazakhstan 2026 конференциясының маңызды нәтижелерінің бірі — Қазақстан жастарының климаттың өзгеруі жөніндегі Ұлттық жастар мәлімдемесінің қабылдануы. Құжатта жастардың климат саласындағы іс-қимылдарға және NDC 3.0 іске асыруға қатысты ұсыныстары қамтылған.

















