6 наурызда Назарбаев Университеті кітапханасында Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің Қауымдастырылған профессоры Гүлнәр Омарбекованың “Қазіргі қазақ мақал-мәтелдерін зерттеу цифрлық, танымдық, әдеби және экологиялық бағыттар” атты кітабының тұсаукесері өтті.
Мақал-мәтелге арналған зерттеулер жинағы Питер Ланг (Нью-Йорк) баспасында 2022 жылы жарық көрді. Тұсаукесерге Назарбаев Университетінің академиялық істер жөніндегі вице-провосты Лоретта О’ Доннелл және кітапхананың Бас сарапшысы Лапо Петр қатысты.
Тұсаукесерде болған ғалымдар бұл еңбектің қазақ мақал- мәтелдерінің құрылымы, семантикасы, олардың когнитивті, лингвомәдени ерекшеліктері, прагматикасы және БАҚ беттерінде трансформациялануы мен цифрлануы сияқты өзекті тұстарын ағылшын тілінде АҚШ-та жариялаған мазмұнды ғылыми жұмыс деп жоғары бағалады.
Сөз сөйлеген ғалымдар қазақ мақал- мәтелдерінің ұлттық табиғатын сипаттайтын бұл жинақ қазақстандық және батыс әдістемелерін біріктіріп, қазақ ғалымдарының мақалға арналған зерттеулерін әлемге танытатын алғашқы еңбек екендігіне, және кітаптың 2023 жылы Scopus дерекқорына енгендігі қазақ ғылымының әлемдік деңгейде танылуына қосылған мәртебелі ғылыми жетістік, әлем лингвистикасына қосылған қомақты үлес деп атады.
Келген қонақтар және Гүлнәр Омарбекованың әріптестері кітап туралы өз ойлары мен тілектерін жеткізді. Шарада домбырада орындалған күй, Жанар Әбдіғаппарованың орындауындағы халық әні және қазақ мақалын зерттеген кітап өзара ұштасып қонақтарға жақсы көңіл сыйлады.








