Адам үшін санаулы секундта орындалатын қарапайым әрекет ақылды машина үшін аса күрделі математикалық есепке айналуы мүмкін. Қазіргі жасанды интеллект күрделі зияткерлік тапсырмаларды оңай орындай алғанымен, физикалық орта әлі де үлкен сынақ болып отыр. Осы мәселе 17–20 тамыз аралығында Nazarbayev University-де (NU) өткен автоматтандыру, басқару және робототехникаға арналған 11-ші CACRE 2026 халықаралық конференциясында талқыланды. Астанаға Ұлыбритания, Жапония, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа елдерден зерттеушілер, инженерлер мен студенттер жиналып, қазіргі технологиялардың нақты ортада тиімді жұмыс істеуіне не кедергі екенін талқылады.
Конференциядағы негізгі мәселелердің бірі — жасанды интеллекттің күрделі физикалық жүйелерді басқаруда қаншалықты алға жылжығаны болды. Сеул ұлттық университетінің профессоры Фрэнк Парк өз негізгі баяндамасында роботтардың адам күнделікті өмірде ойланбастан орындайтын қарапайым әрекеттерді, мысалы, банканы ашуды неге әлі де қиындықпен орындайтынын түсіндірді. Адам үшін бұл оңай әрекет болғанымен, роботқа банканың көлемі мен пішінін, ұстау күшін, қақпақтың қарсылығын және оны ашу кезінде қақпақтың қалай қозғалатынын ескеру қажет. Яғни робот нақты сәттегі жағдайға қарай өз қимылын үнемі түзетіп отыруы керек.
Профессор Парктың айтуынша, роботтарға арналған әмбебап модельдерді әзірлеуді физикалық әлемнің заңдылықтары қиындатады. Машиналар ауырлық күшін, үйкелісті және нысандармен физикалық әрекеттесуді ескеруі керек. Мәтін немесе кескіннен айырмашылығы, мұндай процестерді жай ғана генерациялау мүмкін емес. «Роботтар — машиналар, ал машиналар дифференциалдық теңдеулерге бағынады. Сондықтан дифференциалдық теңдеулерді әлі де оқу қажет. Бұл жұмысты жасанды интеллект сіз үшін атқармайды», — деп атап өтті профессор Парк.
Киото университетінің профессоры Такаюки Канда роботтардың қоғамдық кеңістікте адамдармен қалай әрекеттесетінін зерттеген далалық жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Оның командасы коммуникациялық Robovie роботын нақты ортада сынаған. Мұндай жағдайда адамдардың әрекеті мен қоршаған орта әрдайым алдын ала белгіленген сценарийге сай бола бермейді. Зерттеулер роботтардың адамдармен қарым-қатынас кезінде түрлі кедергілерге, адамдардың шамадан тыс жиналуына, сондай-ақ robot abuse деп аталатын жағдайларға тап болатынын көрсетті. Бұл — адамдардың роботтың жұмысына әдейі кедергі келтіруі немесе оған агрессивті әрекет жасауы. Кейбір зерттеулерде адамдар роботтардың жолын бөгеп, оларды итеріп, тіпті ұрған.
Осындай жағдайлар Канданы «моральдық өзара әрекеттесу» (moral interaction) деп аталатын жаңа зерттеу бағытын дамытуға алып келді. Бұл тәсіл роботтарды жай ғана технологиялық құрылғы ретінде емес, әлеуметтік ортаның бір бөлігі ретінде қарастырады. Зерттеушілер роботтардың адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, ортақ кеңістікте қауіпсіз әрі өзара құрметке негізделген мінез-құлық қалыптастыруына мүмкіндік беретін тәсілдерді зерттеп жатыр.
Конференцияда NU қауымдастырылған профессоры, Human-Robot Interaction зертханасының жетекшісі Анара Сандыгулова да сөз сөйледі. Ол аутизмі бар балаларға жекелендірілген қолдау көрсету үшін әлеуметтік роботтар мен жасанды интеллектті біріктіретін APRIL жүйесін таныстырды. Роботтар балаларды түрлі тапсырмаларға тартуға және олардың назарын сақтауға көмектеседі, ал жасанды интеллект әлеуметтік және когнитивтік дағдылардағы өзгерістерді бақылап, бағдарламаны әр баланың жеке қажеттіліктеріне бейімдейді. Платформа сонымен қатар мамандар мен ата-аналарға баланың даму барысын бақылап, терапия тәсілдерін қажетіне қарай түзетуге мүмкіндік береді.
Зертханалық әзірлемелерден нақты қолданысқа көшу CACRE 2026 конференциясының негізгі тақырыптарының бірі болды. Талқылаулар жасанды интеллект пен робототехниканың болашағы алгоритмдерді одан әрі жетілдірумен ғана шектелмейтінін көрсетті. Бұл технологиялар күрделі физикалық және әлеуметтік ортада жұмыс істей алуы, физика заңдылықтарын, адам мінез-құлқын, қауіпсіздік талаптарын және үнемі өзгеріп отыратын жағдайларды ескеруі қажет.













