10-нан астам елдің археологтары Еуразия далаларын зерттеу нәтижелерін ұсынды

2026 жылғы 24–25 қыркүйекте Nazarbayev University-де (NU) «Еуразия даласының Ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» атты II халықаралық археологиялық симпозиум өтті. Іс-шараны NU мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды. Симпозиум Археология институтының 35 жылдығына орай өткізілді.

Симпозиумға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да елдерден 150-ден астам зерттеуші қатысып, Еуразия археологиясының өзекті мәселелерін талқылады. Ғалымдар тас дәуіріндегі үңгір ескерткіштерін зерттеу мен қола дәуіріндегі металлургиядан бастап, дала қоғамдарының қалыптасуы мен ортағасырлық қалалардың дамуына дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды.

Симпозиумның отандық археологияны дамытудағы және қазақстандық археологияны халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдастырудағы маңызын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы орынбасары Алмас Төлегенұлы атап өтті.

Өз кезегінде NU президенті Вакар Ахмад симпозиумның Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып отырған жылы өтуінің символдық мәніне тоқталып, университет археологтарының ел тарихын зерттеуге қосып жүрген үлесін атап өтті.

«Академиялық жетістіктеріміз профессор-оқытушылар құрамының Scopus рейтингіндегі жетекші журналдарда жарияланған еңбектерінің көптігімен де көрінеді. Бұл NU ғалымдарын Қазақстандағы ғылыми жарияланымдары ең көп зерттеушілердің қатарына қосуға мүмкіндік береді. Мұндай нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторларының бірі – Қазақстандық ұйымдармен және әлемнің жетекші халықаралық ғылыми-зерттеу мекемелерімен серіктестік орнатып, оны тұрақты дамытуға басымдық беруіміз», – деді профессор Вакар Ахмад.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы тәуелсіздік жылдарындағы отандық археологияның даму қорытындыларына тоқталып, осы үдерістегі Институттың біріктіруші рөлі мен алдағы зерттеулердің перспективалары туралы айтып берді.

«Қазақстанның тарихқа дейінгі кезеңдегі рухани және материалдық мұрасы туралы іргелі ғылыми тұжырымдар мен тарихи білім жүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан археологиясының бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуге кірісу қажет. Сонымен қатар біз «Қазақстан археологиясы» атты көптомдық басылымды дайындауды бастап, археологиялық материалдар мен зерттеулерге арналған кітаптар сериясын шығаруды жалғастырамыз», – деді Ақан Оңғарұлы.

Халықаралық археологиялық симпозиум алғаш рет 2024 жылы Алматыда өтіп, Орталық Азия археологиясының өзекті мәселелерін талқылайтын ғылыми алаңға айналды. Сол кезде тас және қола дәуірлерін кезеңдеу, ежелгі көшпелілер мұрасын зерттеу және даладағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы негізгі зерттеу бағыттары ретінде белгіленді. Бұл тақырыптар екінші симпозиумның бағдарламасында одан әрі жалғасты.

Симпозиум бағдарламасы төрт тақырыптық секциядан тұрды. Ғалымдар үңгір ескерткіштерін зерттеу нәтижелерін, қола дәуіріндегі тау-кен және металлургия кешендерін, металдардың таралу үдерістерін, дала қоғамдарының әлеуметтік-саяси құрылымының қалыптасуын және ерте ортағасырлық қоныстардың урбандалуын талқылады.

Симпозиум аясында соңғы археологиялық экспедициялар мен жаңалықтарға арналған көрме, сондай-ақ «Уақытпен сұхбат…» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Фотокөрмеде археологтардың ғылыми ізденістері мен экспедициялардағы еңбегін көрсететін сирек архивтік фотосуреттер ұсынылды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53