Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ және «Назарбаев Қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді.
Атқарылған жұмыстар туралы есептер тыңдалып, алдағы даму жоспарлары қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде NU-дың 2026–2031 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясының жобасы талқыланды. Стратегия университеттің еліміздің жетекші зерттеу және инновациялық орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған. Құжат бес негізгі бағытты қамтиды: жоғары білім беруді реформалау, академиялық және ғылыми көшбасшылық, денсаулық сақтаудың академиялық жүйесін дамыту, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді өндіріске трансферттеу. Өткен жылы университет жаһандық академиялық кеңістіктегі позициясын айтарлықтай нығайтты. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде Nazarbayev University шамамен 100 орынға көтеріліп, қазіргі таңда әлемнің үздік 401–500 университеті қатарынакірді.
Отырыста сондай-ақ НЗМ-нің 2025 жылға арналған даму стратегиясын іске асыру жөніндегі есеп бекітілді. Мектептердің тұрақты академиялық нәтижелер көрсетіп отырғаны атап өтілді: оқушылар ұлттық және халықаралық олимпиадалар мен робототехника жарыстарында тұрақты түрде көш бастап келеді, ал педагогтер кәсіби байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Сонымен қатар НЗМ халықаралық деңгейде кеңінен мойындалып, білім беру қызметтерінің экспортын және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бұл Қазақстанды озық білім беру тәжірибелерінің орталығы ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.
Премьер-министр NU Өnergy креативті хабына бару кезінде жасанды интеллект, білім беру, медицина, биотехнология, ауыл шаруашылығы, спорттық технологиялар және мәдени мұраны сақтау салаларындағы озық ғылыми әзірлемелермен, стартаптармен және жоғары технологиялық жобалармен танысты.
Үкімет басшысына жаңа перспективалы ғылыми жобалар таныстырылып, бұған дейін Премьер-министрге ұсынылған жобалардың даму динамикасына да назар аударылды.
Таныстырылған жобалардың қатарында Қазақстанның 200-ден астам мектебін қамтып, он елдің нарығына шығып жатқан Artisan Education білім беру платформасы; қазақстандық футбол клубтарымен жұмыс істеп, Еуропа мен АҚШ-та пилоттық жобалардан өтіп жатқан ақылды ұлтарақтарға негізделген Mirai Tech спортшылардың биомеханикалық талдау жүйесі; сертификаттаудан өтіп, коммерциялық деңгейге шыққан A-GEAR медициналық экзоскелеті бар. Аграрлық секторда ТМД-дағы мал азықтандыруды ЖИ арқылы мониторингтеудің алғашқы жүйесі – BunkSense және ІҚМ репродуктивті биотехнологиялар зертханасы ұсынылды. Сондай-ақ GPS пен бұлтты технологиясыз басқарылатын қазақ тіліндегі автономды дрон, қалалық инфрақұрылымды көгалдандыруға арналған Green Dala экожобасы және LiDAR мен дрондарды қолдану арқылы архитектуралық мұраны цифрлық құжаттаудың ұлттық бағдарламасы көрсетілді.
Анықтама (бұған дейін таныстырылған жобалардың жүзеге асырылу барысы):
Artisan Education платформасы ауыл және қала оқушыларына заманауи технологиялық білімді тең дәрежеде қолжетімді етуге бағытталған. Платформа енгізілгеннен кейін 2024–2025 жылдары еліміздің 10 өңіріндегі 235 білім беру ұйымында 3 252 бала оқудан өтті. Қатысушылардың 68%-ын ауыл мектептерінің оқушылары құрады. Жоба авторларының айтуынша, бастама балалардың технологияға қызығушылығын 30%-ға арттырған. 2026–2029 жылдарға арналған жаңа мақсаттардың қатарында ауылдық және шағын жинақты мектептердің 90%-ын қамту, сондай-ақ кемінде 10 технологиялық стартапты іске қосу жоспарланған.
Mirai Tech компаниясының спорттық медицина саласындағы әзірлемесі спортшыларды іріктеудегі субъективтілікті азайтып, статикалық тест нәтижелері мен нақты ойын кезіндегі жүктеме арасындағы алшақтықтан туындайтын жарақат қаупін төмендетуге бағытталған. Жоба аясында қалыңдығы небәрі 2 мм болатын «ақылды» ұлтарақтар жасалды. Олар қозғалыс, асимметрия және спортшының шаршау деңгейін нақты уақыт режимінде тіркейді. Бұл технология жаттықтырушылар мен реабилитологтар арасында бірыңғай цифрлық тіл қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба бірнеше кәсіби спорт клубымен бірлесіп сынақтан өтіп жатыр.
Медицина саласында тірек-қимыл аппараты бұзылған науқастардың жүру қабілетін қалпына келтіруге арналған A-Gear экзоскелеті де таныстырылды. Қазір оның өндірісі NU технопаркі базасында жолға қойылған. Алдағы кезеңде сериялық өндірісті іске қосып, экзоскелетті денсаулық сақтау жүйесіне енгізу жоспарлануда.
Arlan Biotech – онкологиялық ауруларды емдеуге арналған антиденелер мен наноденелер тізбегін жасайтын жасанды интеллект платформасы. Технология дәрі-дәрмек әзірлеу процесін 100 еседен астам жылдамдатып, әлемдегі ең жоғары тиімділік көрсеткіштерінің бірін – шамамен 30%-ды көрсетіп отыр. Amazon қолдауымен АҚШ, Еуропа және Ұлыбритания серверлерінде AI-агент іске қосылған. Университет академиялық лицензия алып, АҚШ-та патенттеу жұмыстарын жүргізуде. Құны шамамен 1 млн доллар болатын алғашқы коммерциялық келісімшартты 2026 жылы жасау жоспарланған. Сонымен қатар университет базасында фармацевтикалық зертхана ашу көзделіп отыр.
Анықтама (жаңа жобалар):
Тарихи ескерткіштердің цифрлық көшірмелері банкі – жоғары дәлдіктегі LiDAR-сканерлеу және 3D-архивтеу технологияларын қолданатын ұлттық цифрлық мұра платформасы. Жоба аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шопан-Ата және Бекет-Ата жерасты мешіттері, Таңбалы петроглифтері, сондай-ақ Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарындағы қорғандар мен көне қалашықтар цифрландырылды. Болашақта платформа арқылы музейлердің, ескерткіштердің және археологиялық нысандардың цифрлық көшірмелерін жасап, VR/AR шешімдерін, 3D-mapping жобаларын және білім беру бағдарламаларын дамыту жоспарланып отыр. Сонымен бірге Қазақстанда мәдени мұра саласындағы цифрлық сараптама нарығын қалыптастыру көзделген.
Интеллектуалды мониторинг және қауіпсіздік жүйелері саласында Audio-Vision-Language (AVLM) басқаруымен жұмыс істейтін автономды Drone AI жобасы таныстырылды. Ол қазақстандық Qolda технологиясы негізінде әзірленген. Жүйе бұлтты сервистер мен дата-орталықтарға қосылмай-ақ қазақ тіліндегі мәтін, дыбыс және бейнені тануға қабілетті. Жобаны қауіпсіздік, мониторинг және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету салаларында қолдану жоспарланып отыр.
Қалалық инфрақұрылымға арналған Green Dala биотехнологиялық шешімдері аясында Biodesign Lab Орталық Азияның күрт континенталды климатына бейімделген «Жасыл шатырлар» технологиясын әзірледі. Жоба Астанадағы «жылу аралы» әсерімен күресуге бағытталған. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай қала халқы 1 млн адамға артып, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. «Жасыл шатырлар» жобасы шатыр бетінің температурасын 20–35 °C-қа төмендетіп, ғимараттардың энергия тұтынуын 15%-ға азайтады, шуды 8 дБ-ге төмендетеді және шатырдың қызмет ету мерзімін 2–3 есеге ұзартады.
Агроөнеркәсіп кешені саласында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Ірі қара малдың репродуктивті биотехнологиялары зертханасы таныстырылды. Зертхана жоғары өнімді эмбриондарды өндірудің толық технологиялық циклін қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстанда ірі қара малдың көбею коэффициенті 60–65% ғана болса, аурулардан болатын шығын жылына 15%-ға жетеді. Жоба 2030 жылға қарай жылына 5–8 мың эмбрион өндіріп, 75 мыңға дейін асыл тұқымды бұзау алуға мүмкіндік береді. Күтілетін экономикалық нәтиже – жыл сайын 150 мың тоннаға дейін сүт немесе 20 мың тонна ет өндіру, асыл тұқымды материал импортына жұмсалатын шығынды $3 млн-нан астам қысқарту және АӨК-дегі қосылған құнды 25–40 млрд теңгеге арттыру.
АӨК саласындағы тағы бір жоба – ет бағытындағы мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға арналған BunkSense автономды AI-мониторинг жүйесі. Технология нақты уақыт режимінде жем қалдықтарын талдап, жем шығынын азайтып, адами фактордың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зоотехниктер жем қалдықтарын «көзбен» бағалап, 10%-ға дейін қателік жібереді әрі күніне 15 шақырымға дейін жүруге мәжбүр болады. Бұл жемнің артық жұмсалуына және мал салмағының 7%-ға дейін азаюына әкеледі. BunkSense жүйесі Intel RealSense RGB-D камералары мен 3D-сегментацияға арналған AI модельдерін пайдаланып, азық науаларын сканерлейді және бүкіл алаңның цифрлық көшірмесін жасайды. Технология 10 мың бас ірі қараға арналған алаңда жемнен жылына 100 млн теңгеге дейін үнемдеуге және мал салмағын 7%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
NU Медицина мектебінің ғылыми қолдауымен жұмыс істейтін FoodLab Onergy Creative Hub зертханасы да таныстырылды. Оның құрамында метаболикалық, сенсорлық және 3D-баспа бағыттары, сондай-ақ «ас – ем» қағидатына негізделген FoodLab гастрономиялық платформасы бар. Жоба аясында ESPEN және ERAS халықаралық хаттамаларына негізделген ауруханаларға арналған дербестендірілген периоперациялық тамақтану жүйесінің пилоттық нұсқасы ұсынылды. Ұлттық нутрициялық бағдарламалар мен тамақтану бойынша ұсынымдарды енгізу инфекциялық емес аурулардан келетін зиянды азайтып, денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.



















