Астанада өткен Жасанды интеллект пен робототехника бойынша екінші халықаралық AIR 2026 конференциясы әлемнің жетекші зерттеушілерін, жаңашылдарын және технология саласының мамандарын біріктірді. Қатысушылар жасанды интеллект, робототехника және медициналық технологиялардың болашағын талқылады. Конференция аясында Nazarbayev University жанындағы Медициналық робототехника және зерттеулер бойынша озық орталығы (CEMRR) оңалту роботехникасы, хирургиялық жүйелер және жасанды интеллектке негізделген денсаулық сақтау саласындағы әзірлемелерін ұсынды.
CEMRR зерттеушілері тірек-қимыл жүйесі бұзылған науқастардың жоғарғы және төменгі аяқ-қол қызметін қалпына келтіруге арналған жаңа буындағы роботтандырылған оңалту жүйелерін жасап жатыр. Ең назар аудартқан жобалардың бірі — мүмкіндігі шектеулі балаларға өздігінен тік тұруға және дене салмағын интеллектуалды роботтандырылған тірек жүйесі арқылы біркелкі бөлуге көмектесетін бейімделгіш дене тіреу құрылғысы. Қазіргі уақытта бұл жүйе тәжірибелік сынақ кезеңінен өтуде.
«Біз екі негізгі бағытта жұмыс істейміз: робототехникасы және жасанды интеллект. Осы технологияларды біріктіре отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға, онкологиялық, ортопедиялық және жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерге арналған емдеу мен оңалтудың жаңа шешімдерін әзірлеп жатырмыз. Орталық тек ғылыми зерттеулер мен инновацияларға ғана емес, сонымен қатар технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізуге және коммерцияландыруға басымдық береді», – деді NU профессоры әрі CEMRR директоры Прашант Джамвал.
Орталық мамандары жүру кезінде күшті дәл реттеу арқылы адамның тепе-теңдігін сақтауға көмектесетін роботтандырылған жүйе де әзірледі. Ал хирургия бағытында команда сан сүйегінің сынуын жоғары дәлдікпен қалпына келтіруге арналған роботтандырылған платформаны дамытуда. Бұл – ортопедиядағы ең күрделі операциялардың бірі және жоба толық автономды, аз инвазивті хирургиялық жүйе құруды мақсат етеді.
Когнитивтік және коммуникациялық ерекшеліктері бар балаларға көмектесу үшін CEMRR қазақ және орыс тілдерінде қарым-қатынас жасай алатын гуманоид роботты енгізді. Сонымен қатар қымбат роботтарды алмастыратын арнайы мобильді қосымша әзірленген. Бүгінде бұл бағдарламалардың игілігін 100-ден астам бала көрді.
Орталықтың жасанды интеллект бағытындағы зерттеулері де ауқымды. Командалар операция алдындағы жоспарлау үшін МРТ мен КТ деректері негізінде 3D-анатомиялық модельдер әзірлеп, 3D-визуализация мен басып шығару технологияларын қолдануда. Сондай-ақ орталық медициналық кескіндерді талдауға, онкологиялық визуализацияға, патологияны анықтауға және клиникалық шешім қабылдауға көмектесетін терең оқыту мен компьютерлік көру жүйелерін дамытуда. Бұл жобалар қазіргі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Клиникалық оңалтудан бөлек, CEMRR NU-дың спорттық инфрақұрылымын инсульттен кейінгі ересектер мен балаларды қалпына келтіру бағдарламаларына енгізген. Бұл жұмыстарға жаттықтырушылар мен психологтар қатысады. Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген биомеханикалық талдау мен жеке жаттығу ұсынымдары арқылы жастардың спорттық нәтижелерін арттыру жобасы да жүзеге асырылып жатыр.
Екі күнге созылған AIR 2026 конференциясы профессорларды, зерттеушілерді, студенттерді, стартап негізін қалаушыларды және индустрия көшбасшыларын бір алаңға жинап, компьютерлік көру, машиналық оқыту, интеллектуалды денсаулық сақтау жүйелері және адамға бағытталған инженерия салаларындағы жаңа бағыттарды талқылауға мүмкіндік берді. Конференцияда әлемге танымал сарапшылар – Австралиядан Полетт ван Влит пен Шахид Хуссейн, Германиядан Аксель Шнайдер және Қытайдан Пейву Цинь баяндама жасады.
Конференцияға деген ғылыми қызығушылықтың ауқымы оның халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетті: AIR 2026-ға 18 елден шамамен 1200 ғылыми өтінім келіп түссе, соның тек 99-ы ғана баяндама жасауға іріктелді. Бұл конференциядағы ғылыми талаптардың жоғары екенін аңғартады. AIR 2026 NU-дың жасанды интеллект, робототехникасы және медицина тоғысындағы жетекші зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.


















