Nazarbayev University (NU) жанындағы Ұлттық талдау орталығының сарапшылары Қазақстандағы сауда желілерінде отандық өнімдерді ілгерілетуге арналған мінез-құлықтық «наджинг» құралдарын қолдану бойынша пилоттық жобаның нәтижелерін ұсынды (ағылш. nudge — «жұмсақ итермелеу»).
Эксперимент визуалды акценттер мен өнімдерді көзге көрінетін жерге орналастыру тұтынушылардың таңдауына айтарлықтай әсер ететінін көрсетті: пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшіктің сатылымы небәрі төрт апта ішінде 20%-ға өсті.
«Біз қазақстандық жағдайда мінез-құлықтық құралдарды ірімшік мысалында сынап көруді жөн көрдік. Ірімшік негізгі азық-түлік өнімдерінің қатарына жатады, алайда импорт үлесі жоғары — 47%. Эксперименттің төрт аптасының өзінде пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшіктің сатылымы 20%-ға артты. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Әлемдік тәжірибе наджингтің орташа әсері шамамен 8% екенін көрсетеді. Қазақстан нарығында ұлттық брендті сапалы навигациялау мен визуализациялауға үлкен сұраныс бар. Біздің эксперимент қазақстандықтардың “экономикалық патриотизм” танытуға дайын екенін дәлелдейді — тек дүкенде осы таңдауды жасауға көмектесу қажет», — деді NU жанындағы Ұлттық талдау орталығының Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық саясат орталығының директоры Салтанат Джаненова.
Жоба нәтижелері «Қазақстанда жасалған» ұлттық маркировкасын ілгерілетуге арналған дөңгелек үстелде ұсынылды. Іс-шара Халықаралық «EXPO» көрме орталығының алаңында өтті. Оған мемлекеттік органдардың, сауда желілерінің, отандық өндірушілердің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қауымының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция атқарушы министрі Айжан Бижанова «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілету бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтып, отандық тауар өндірушілерді қолдау Қазақстанда заңнамамен бекітілген мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Пилоттық жоба NU жанындағы Ұлттық талдау орталығымен нақты сауда ортасында, сауда желілерінің бірінде жүзеге асырылды. Әдістемелік қолдауды мінез-құлықтық ғылым саласындағы британдық жаһандық компания — Behavioural Insights Team көрсетті. Зерттеушілер баннерлер, сөре бөлгіштері, жапсырмалар, «Қазақстанда жасалған» деген айқын акценттері бар сөре ленталары, сондай-ақ қазақстандық ірімшіктерге назар аударатын аудиохабарламалар секілді мінез-құлықтық құралдар кешенін сынақтан өткізді.
Жоба қатысушыларының айтуынша, мінез-құлықтық наджинг (nudge — «жұмсақ итермелеу») бүгінде халықаралық тәжірибеде жергілікті өнімдерді ілгерілету және тұрақты тұтынушылық әдеттерді қалыптастыру үшін кеңінен қолданылады. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Нидерландта және БАӘ-де мұндай құралдар өнімдерді визуалды түрде айқынырақ көрсету арқылы жергілікті тауарлардың сатылымын арттыруға көмектеседі.
Жоба NU зерттеу әлеуетінің экономика мен мемлекеттік саясаттағы практикалық міндеттерді шешуге қалай қолданылатынының бір мысалы болды. Университетте мінез-құлықтық ғылым мен деректерді талдау саласындағы қолданбалы зерттеулер дамып келеді, ал дөңгелек үстел барысында қатысушылар мұндай құралдарды отандық тауарлардың басқа санаттарына және Қазақстан өңірлеріне масштабтау мүмкіндіктерін талқылады.








