DeepTech Bäige финалы: 16 миллион тенгені кім женіп алды

Nazarbayev University-де, Өnergy Creative Hub кеңістігінде, Қазақстандағы ғылымды қажет ететін стартаптарды қолдауға және болашақ технологияларын дамытуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі — DeepTech Bäige конкурсының финалы өтті.

Конкурс Astana Business Campus тарапынан Nazarbayev University экожүйесіне кіретін NU Impact Foundation қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара жасанды интеллект, биотехнология, энергетика, медицина, робототехника, агротехнологиялар және басқа да deeptech бағыттарында жұмыс істейтін перспективалы командаларды біріктірді.

Іс-шара мемлекеттік сектор, халықаралық технологиялық қауымдастық, бизнес, инвесторлар, сарапшылар және инновациялық экожүйе өкілдерінің басын қосты. Конкурс финалын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ол ғылымды қажет ететін жобаларды қолдаудың, ғылыми әлеуетті дамытудың, технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетудің және болашаққа арналған шешімдер ұсына алатын жас командаларға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. NVIDIA компаниясының жасанды интеллект инфрақұрылымын жаһандық дамыту жөніндегі вице-президенті Николо Капрез де құттықтады. Өз сөзінде ол компанияның қызметі, жасанды интеллектті дамытудағы рөлі, жеделдетілген есептеулер және заманауи технологиялық шешімдер туралы айтып берді.

Биыл DeepTech Bäigeге еліміздің түкпір-түкпірінен шамамен 200 өтінім келіп түсті. Көпсатылы іріктеу қорытындысы бойынша финалға 11 үздік жоба шығып, өз шешімдерін қазылар алқасына, инвесторларға, бизнес өкілдеріне және технологиялық қауымдастыққа ұсынды. Конкурстың жалпы жүлде қоры 16 000 000 теңгені құрап, NU Impact Foundation қолдауымен қалыптастырылды.

«NU Impact Foundation үшін DeepTech Bäige-ні қолдау — елдің инновациялық экожүйесін дамыту стратегиясының бір бөлігі. Біз ғылым, білім және кәсіпкерлік өзара үйлесімде жұмыс істейтін ортаға инвестиция саламыз. Біз үшін Nazarbayev University ішінде пайда болатын, ғылыми негізі бар және ауқымдануға әрі дамуын жалғастыруға нақты әлеуеті бар жобаларды қолдау маңызды. Мұндай алаңдар елде ғылымды қажет ететін кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырады. Бұл — келесі буынға бере алатын ең құнды мүмкіндіктердің бірі»,деп атап өтті NU Impact Foundation Басқарма төрағасы Саят Нюсупов.

Финал қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:

AI DRONE — 1-орын (7 000 000 теңге). Жоба — үлкен тілдік модельдер негізіндегі интеллектуалды басқару жүйесі бар ұшқышсыз ұшу аппараты. Жоба жасанды интеллекттің робототехникада, навигацияда және дрондарды басқаруда қолданылуының жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді.

ROBIO — 2-орын (5 000 000 теңге). Жоба биомедициналық скринингке арналған жасанды интеллект негізіндегі тактильді қолғап әзірлеуде. Бұл шешім тактильді деректерді оқуға және талдауға мүмкіндік беріп, оларды ерте диагностика мен медициналық бағалау құралына айналдырады.

BUNKSENSE — 1-орын (3 000 000 теңге). Жоба— мал шаруашылығы кешендерінде азықтандыруды бақылауға арналған автономды AI-шешім. Ол жем беру және тұтыну процестерін дәлірек қадағалауға, сондай-ақ шаруашылықты басқару тиімділігін арттыруға көмектеседі.

From Earth to Orbit көрермен көзайымы жүлдесіне ие болды (1 000 000 теңге). Бұл жоба тұрақты энергетика және аэроғарыш саласына арналған қазақстандық аккумуляторлық батарея технологияларын ұсынды.

Финалистерді сарапшы қазылар алқасы технологиялық жаңалығы, практикалық қолдану әлеуеті, бизнес-моделі, ауқымдану мүмкіндігі, командасы және жобаның ықтимал әсері сияқты критерийлер бойынша бағалады. Мұндай тәсіл жобалардың тек ғылыми және инженерлік құрамдасын ғана емес, олардың әрі қарай дамуға, коммерцияландыруға және ауқымдануға дайындығын да жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53