Ғалымдар әлеуметтік зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады

8–16 тамыз аралығында Nazarbayev University-де «Жасанды интеллект және есептеу коммуникациясының әдістері» (AI and Methods in Computational Communication, AIM-CC 2026) халықаралық ғылыми-білім беру мектебі өтті. Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен зерттеушілер қатысып, коммуникация, медиа және әлеуметтік үдерістерді зерттеуде жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ заманауи есептеу әдістерін пайдалану мәселелерін талқылады.

Іс-шараны Kazakhstan Sociology Lab ұйымы NU-дың Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебімен бірлесіп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен АҚШ-тың Коммуникацияны зерттеу жөніндегі халықаралық қауымдастығының (ICA) қолдауымен ұйымдастырды.

Мектеп бағдарламасында үлкен тілдік модельдерді (LLM) ғылыми зерттеулерде қолдану, медиаконтент пен қоғамдық пікірді талдауда генеративті жасанды интеллектіні пайдалану, адам мен жасанды интеллектінің өзара әрекеттесуі, дезинформацияны зерттеу және анықтау, сондай-ақ ғылымда жасанды интеллектіні қолданудың әдіснамалық және этикалық аспектілері қарастырылды.

Іс-шараның шақырылған спикерлері қатарында Trinity College Dublin профессоры Таха Яссери (Ирландия), University of Exeter профессоры Алексей Бессуднов (Ұлыбритания), University of Konstanz профессоры Мириам Ширмер (Германия) және әлеуметтік әрі есептеу ғылымдары саласындағы басқа да жетекші зерттеушілер болды.

AIM-CC 2026 шарасының ерекшелігі — оның ең алдымен жас зерттеушілерге, соның ішінде PhD докторанттарына, постдокторанттарға және академиялық салада жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарға бағытталған білім беру форматы болды.

«Әдетте әлеуметтік және компьютерлік ғылымдар өз іс-шараларын бөлек өткізеді және олардың арасында байланыс аз. Алайда бүгінде негізгі ғылыми жаңалықтар бұрын бір-бірінен тәуелсіз дамыған пәндердің тоғысында пайда болуы мүмкін. Әлеуметтік ғылымдарда дәстүрлі зерттеу тәсілдері әлі де басым. Дегенмен алдағы уақытта әлеуметтік зерттеулерде жасанды интеллект агенттеріне деген сұраныс артады деп күтуге болады. Сонымен қатар жасанды интеллектінің пайда болуымен адам мен ЖИ-дің өзара әрекеттесуіне байланысты жаңа мәселелер туындады. Бұл дәстүрлі әлеуметтік ғылымдар әдістерін қолдануға болатын зерттеулердің жаңа бағытын қалыптастырып отыр», — деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, NU Жоғары бизнес мектебінің ассистент-профессоры Андрей Ткаченко.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53