Қазақстан маусым айында мемлекеттік секторда мінез-құлықтық құралдарды қолданатын ұйымдардың жаһандық картасында алғаш рет көрініс тапты. Nazarbayev University (NU) жанындағы Ұлттық аналитикалық орталықтың (NAC) базасында құрылған Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығы ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік сектордағы инновациялар обсерваториясының халықаралық дерекқорына енгізілді. Жаһандық картада мемлекеттік саясат пен мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру үшін мінез-құлықтық тәсілдерді қолданатын 63 елден шамамен 300 ұйым ұсынылған.
NAC жанындағы Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығы – еліміздегі мемлекеттік басқаруда мінез-құлықтық тәсілдерді дамытуға және оларды тәжірибеде қолдануға бағытталған алғашқы мамандандырылған құрылым.
Кәсіби құзыреттерді дамыту аясында NAC мінез-құлықтық тәсілдер саласындағы жетекші ұйым – Ұлыбританияның Behavioural Insights Team (BIT) ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Соңғы он жыл ішінде әлемнің жетекші елдерінің үкіметтері мемлекеттік басқару тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, мінез-құлық ғылымына сүйене бастады. Қазақстан да мемлекеттік реттеудің дәстүрлі әдістерін икемдірек, нысаналы және ғылыми негізделген шешімдермен толықтыра отырып, заманауи мінез-құлықтық құралдарды жүйелі түрде енгізіп келеді. Қосымша шектеулер енгізу мен әкімшілік реттеуді күшейтудің орнына, мінез-құлықтық құралдар шешім қабылдау ортасын жетілдіруге және азаматтар мен қоғам мүддесіне сай таңдауды жеңілдетуге мүмкіндік береді, сонымен қатар таңдау еркіндігін шектемейді.
Қазақстанда мінез-құлықтық тәсілдерді практикалық қолдану пилоттық жоба аясында сыналды. NAC BIT сарапшыларымен және сауда желілерінің бірімен бірлесіп, қазақстандық ірімшік мысалында «экономикалық патриотизмді» ынталандыру бойынша пилоттық жоба жүргізді. 2026 жылғы наурыз–сәуір айларында Астанадағы 8 супермаркетте «Қазақстанда жасалған» белгісімен әртүрлі «надж» құралдары сынақтан өткізілді. Пилоттық кезең қорытындысы бойынша жобаға қатысқан дүкендерде оң өзгерістер тіркелді.
Пилоттық жоба нәтижелері Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасы аясында, «QazTrade» АҚ және өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармаларымен бірлесіп, мінез-құлықтық құралдарды еліміздің барлық өңірлеріне кеңінен енгізуге негіз болды. Бұл жұмыстың ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуін NAC жүзеге асырады.
ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік сектордағы инновациялар обсерваториясы халықаралық білім базаларын қалыптастырып, мемлекеттік басқару саласындағы инновациялық тәжірибелер мен ұйымдар туралы ақпарат таратады. NAC жанындағы Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығының ЭЫДҰ жаһандық картасына енуі Қазақстанның инновациялық басқару тәсілдерін қолданудағы өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, өңір елдерімен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.








