Times Higher Education Asia Universities Summit 2026 саммиті Гонконг ғылым және технология университетінде (HKUST) басталып, аймақтың жетекші жоғары оқу орындарының басшыларын бір алаңға жинады. Назарбаев Университетінің делегациясын университет президенті, профессор Вакар Ахмад бастап барды. Саммитке сондай-ақ провост Рехан Садик, вице-президент Әсел Увалиева, вице-президент әрі Медицина мектебінің деканы Хак Нг және ғылыми зерттеулер жөніндегі вице -провост Бьёрн Биргиссон қатысуда.
Талқылаудың өзегі — Азиядағы ғылыми әлеуеттің қарқынды өсуі жағдайында ғылыми көшбасшылықты қайта қарау. Қатысушылар өңірдің жаһандық ғылыми күн тәртібін қалыптастыру мүмкіндігін және сандық өсімнен нақты ықпалға көшу үшін қандай институционалдық шешімдер қажет екенін саралауда.
Жабық сессия барысында сөз сөйлеген профессор Вакар Ахмад NU дарынды әрі үздік студенттерді тартатынын, ал ғылыми жарияланымдардың шамамен 25 пайызы студенттермен бірлесіп жазылатынын атап өтті. Бұл көрсеткіш тіпті жетекші зерттеу университеттері арасында сирек кездеседі. Оның айтуынша, университет өз инновациялық экожүйесін дамытуға және медицина, финтех пен жеткізу тізбектерін басқару сияқты негізгі салаларға жасанды интеллект енгізуге басымдық береді.
Үш күнге созылатын саммит аясында THE Asia University Rankings 2026 рейтингі таныстырылып, THE Awards Asia 2026 марапаттау рәсімі өтеді. Онда өңірдегі академиялық көшбасшылықтың үздік тәжірибелері атап өтіледі.













