2023 жылдың 8 маусымында Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры және төрайымы Кристалина Георгиева Назарбаев Университетіне (NU) құрметті қонақ ретінде келіп, қазақстандық жастармен қызу және шабыттандыратын пікірталасқа қатысты. Кавказ және Орталық Азия (КОА) елдерінде неғұрлым тұрақты, инклюзивті және жасыл экономикаға қол жеткізу жолдарын іздеуге арналған кездесуді NU президенті Шигео Катсу жүргізді.
Қаржы және халықаралық даму әлеміндегі танымал көшбасшы ретінде Георгиева ханым 1990-шы жылдардың басында, тәуелсіздік алғаннан кейін, аймақ елдерінің елеулі серпіліс жасап, экономиканың қарқынды өсуіне әкелген реформаларды атап өтті.
«Сіздер 90-жылдардың басында менің туған елім Болгариядағыдай күрт өзгерістерді бастан өткердіңіз. Мен азаматтардың мұндай реформаларды бастан кешіруінің қандай болатынын білемін. Реформаларға ұмтылыс жоғары болды, нәтижесінде жоғары даму байқалды», — деп атап өтті Георгиева ханым. Бірақ оның ойынша, қазір сол реформаға деген құштарлық әлсіреп, аймақтағы өсім баяулады. «Бүгінгі таңда әлем күйзелістен күйзеліске ұшырап жатқанында — пандемия, соғыс, өмір сүру деңгейінің дағдарысын ескерсек, қазір дамуды және реформаларды тежеу — қате», — деп жалғастырды ХВҚ басшысы. Оның ойынша, аймақтағы елдерде экономикалық дамуды жаңғырту үшін, Орталық Азия республикаларының үкіметтері негізгі үш бағытқа көңіл бөлулері тиіс. Бұлар — инклюзивтілік, жеке секторды дамыту және климаттың өзгеруін азайтуға бағытталған реформалар мен шаралар. Сонда ғана, Орталық Азия аймағындағы елдер сыртқы күйзелістерге төтеп бере алады.
Жаһандық экономика COVID-19 пандемиясынан кейін салыстырмалы түрде тез қалпына келді, бірақ Ресейдің Украинаға қарсы соғысы 2022 жылдың ақпанында басталғаннан кейін, өсу қарқыны төмендеді. Жаһандық өсу қарқыны 2021 жылы 6,1%, 2022 жылы 3,4% құрады және 2023 жылы 2,8%-ға дейін баяулады. Келер жылдың болжамы бұдан да «мұңдырақ». Қазіргі уақытта Орталық Азияда өсу қарқыны жаһандық көрсеткіштен жоғары болғанымен, әлі де өз әлеуетіне сай емес деп есептейді К. Георгиева. Өңірдің шынайы әлеуетін ашу үшін күрделі құрылымдық реформалар қажет.
«Бұл аймақтағы реформалар жыл сайын ЖІӨ-нің 6-7%-ке көтеруге көмектесе алады. Жасыл реформаларды өңір тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына арналған тиімді инъекция ретінде қабылдау керек. Біз ХВҚ-да бұл реформаларды асырудың қандай жолдарын ұсынамыз? Кез келген ел үшін, әсіресе экономикасы әлсіз елдер үшін ең маңыздысы — адами капиталға инвестиция құю. Бұл — қоғам үшін ең тиімді инвестиция түрі. Сондықтан қазіргі таңда білім алу, үнемі әрі қарай даму, кәсіби мүмкіндіктерді жіберіп алмау, өз тағдырыңның иесі, көшбасшысы болу өте маңызды», — деді Георгиева ханым студенттер қауымына.
ХВҚ басшысы төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдету маңыздылығын атап өтті. Қазір Орталық Азия елдері климаттық дағдарыс әсерінен зардап шегуде, ал жергілікті температураның жыл сайынғы көтерілуі әлемдік деңгейден 2,5 есе асып түседі. Георгиева жастарды жасыл экономикаға көшу үдерісінің белсенді драйверлері болуға, үкіметте жасыл және тұрақты энергияны өндіру мен сақтауға ынталандыруды насихаттауға шақырды; Орталық Азия елдері арасындағы өзара байланысты арттыруға және кеңірек интеграцияға инвестициялаудын маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Көп нәрсені жіберіп алғанымыз үшін кешірім сұраймын. Біз проблемалар туралы білдік, бірақ біз жеткілікті әрекет жасамадық. Ал енді климат дағдарысына байланысты қиындықтардың ауыртпалығын сіздер көтересіздер», — деп мойындады жастар алдында 69-жастағы әлем көшбасшысы. Ол қазақстандық жастарды дәстүрлі энергетика мен өндіріс салаларындағы мансаптан гөрі “жасыл” жұмыс орындарын таңдауға шақырды.
«Дүние жүзінде қарыз дағдарысы орын алғанда, ХВҚ басшысы көмекке асығады, төлем балансы мен макроэкономикалық проблемалар туындаған кезде де, ол көмекке келеді. Бірақ сіздер білмеулеріңіз мүмкін, климаттың өзгеруі, жасыл өсу және тұрақты даму жөнінде сөз қозғалса, онда да Кристалина мәселенің қақ ортасында жүреді», — деп NU президенті Катсу Георгиева ханымның климаттың өзгеруімен күресудегі көшбасшылығын ерекше атап өтті.
Лекциядан кейін Шигео Катсу мен Кристалина Георгиева студенттердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу қазақстандық жастарды КОА аймағында тұрақты, инклюзивті және жасыл экономиканы құруға белсенді үлес қосуға шабыттандырған мазмұнды диалог алаңы болды.
ХВҚ басқарушы директоры ретінде Георгиева жаһандық экономикалық және қаржылық саясатты қалыптастыруда және елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазіргі лауазымына дейін К.Георгиева Дүниежүзілік банктің бас атқарушы директоры болып, Еуроаймақтағы қарыз дағдарысы мен 2015 жылғы босқындар дағдарысы мен басқа өзекті жаһандық мәселелерді шешу бойынша бастамаларды басқарды. Георгиева ханымның мемлекеттік қызметтегі беделді мансабы әртүрлі жоғары деңгейдегі лауазымдарды қамтиды, соның ішінде Еуропалық комиссияның бюджет және кадр ресурстары жөніндегі вице-президенті және халықаралық ынтымақтастық, гуманитарлық көмек және дағдарысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссар қызметі.
Болгарияның София қаласында дүниеге келген Георгиева ханым Софиядағы Ұлттық және әлемдік экономика университетінде экономика ғылымдарының докторы және саяси экономика және әлеуметтану магистрі дәрежесіне ие. Оның ерекше көшбасшылығы мен адалдығы көптеген марапаттармен бағаланды: 2010 жылы Георгиева ханым «Еуропаның жыл адамы» және «Жыл комиссары» болып атанды. Ол сондай-ақ Times журналы бойынша «2020 жылдың ең ықпалды 100 адамы» және 2022 жылы Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең күшті 100 әйелдің бірі деп аталды.
Фотолар: ХВҚ







