Nazarbayev University (NU) әйелдер көшбасшылығы мен олардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталған бастамаларын одан әрі жалғастыруда. Қазіргі таңда университеттің 80 әйел қызметкері британдық Advance HE ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан халықаралық «She Leads» бағдарламасына қатысып жатыр.
«She Leads» — жоғары білім беру саласындағы әйелдердің көшбасшылық әлеуетін ашуға арналған бағдарлама. Ол қатысушылардың біліктілігін арттыруға, кәсіби байланыстарын кеңейтуге және университет ортасына оң өзгерістер әкелетін практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарлама қатысушылары алдында сөз сөйлеген NU Президенті, профессор Вакар Ахмад көшбасшылық тек лауазыммен немесе ресми өкілеттікпен өлшенбейтінін, оның негізі жауапкершілік алуға, адамдардың басын біріктіруге және қоғам дамуына үлес қосуға деген ұмтылыста жатқанын атап өтті.
«NU қабырғасында біз көшбасшылықты жаңа идеялар ұсыну, жауапкершілік алу, адамдарды топтастыру және айналамыздағы ортаны жақсартуға деген дайындық деп білеміз. Бұл — біздің құндылықтарымызды іс жүзінде көрсетудің және университеттің стратегиялық басымдықтарын, атап айтқанда, әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен инновацияларды дамытуға, сондай-ақ қала мен елдің өркендеуіне үлес қосудың көрінісі», — деді профессор Ахмад.
NU Вице-президенті Әсел Увалиева өз сөзінде университеттегі әйелдер қауымының үлесі артуымен қатар, олардың кәсіби және көшбасшылық тұрғыда одан әрі дамуына жағдай жасалуы қажет екеніне тоқталды.
«Бүгінде академиялық және әкімшілік құрамның 50 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Алайда бұл тек алғашқы қадам ғана. Әйелдерге жауапкершілік алуға, командаларды басқаруға, шешім қабылдау процестеріне қатысуға және көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкіндіктер қажет», — деп атап өтті Әсел Увалиева.
Академиялық істер жөніндегі вице-провост, профессор Саманта Смидт университет қызметкерлері арасындағы кәсіби байланыс пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын алға тартып, қатысушыларды өздеріне тән (authentic) көшбасшылық стилін қалыптастыруға шақырды.
«Өзіңізді өзгертуге тырыспаңыз. Дәл өзіңізге сай келетін тәсілдер мен құралдарды тауып, өзіндік көшбасшылық стиліңізді дамытыңыз. Ал егер сізді шабыттандыратын көшбасшыны кездестірсеңіз, одан тәлімгер болуын немесе кәсіби кеңес беруін сұраудан тартынбаңыз», — деді профессор.
Осыған дейін NU қоғамның негізгі салаларында әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға және тұрақты кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған «Women Leadership Development Programme» (WLDP) бағдарламасының іске қосылған.













