27 тамызда Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары аясында Nazarbayev University-ге келіп, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына қонақ дәрісін оқыды. Ол Сингапур экономикасының даму тәжірибесі және Қазақстанмен ынтымақтастықтың келешегі туралы ой бөлісті.
Дәрісін Ли Сянь Лун Сингапурдың 1950 жылдардан бергі даму тарихына шолудан бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елде жастар арасындағы жұмыссыздық күшейіп, халық саны да тез өсті. Осы мәселелерді шешу үшін индустрияландыруға басымдық беріліп, көп жұмыс күшін қажет ететін өндіріс орындары дами бастады. Бірнеше жылдан кейін, керісінше, еңбек күші тапшы бола бастаған кезде ел өз бағытын өзгертті: жалақының өсуі компанияларды технологиясы жоғары өндірістерге бет бұруға ынталандырды, ал жергілікті еңбек нарығындағы тапшылықтың орнын шетелдік мамандар толықтырды. Бірнеше дағдарысты бастан өткергеннен кейін ел инфрақұрылымға, сондай-ақ іргелі және қолданбалы зерттеулерге белсенді түрде инвестиция сала бастады.
«Біз физикалық және цифрлық инфрақұрылымға инвестиция салдық: жаңа терминалдар салдық, контейнер порттарын автоматтандырдық, қоғамдық көлік пен тұрғын үй жүйесін дамыттық, ақпараттық технологияларды енгіздік, кең жолақты интернет пен ұялы байланысты жолға қойдық, мемлекеттік қызметтерді цифрландырдық. Экономикамызды 2000 жылдардың басынан бүгінге дейін алға сүйреп келе жатқан — осы қадамдар», — деді аға министр.
Сингапур мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жылдан асты. Географиялық жағдайы мен ресурстары әртүрлі болғанымен, екі елдің ұстанымында ұқсастық бар: көршілерімен тығыз байланыс орната отырып, әлемнің әр түкпірінен серіктестер табу. Екі ел арасындағы байланыс Кеңес Одағы тарағанға дейін басталған. Сол кезде Қазақстанға министрдің әкесі, Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі әрі сол кездегі аға министр Ли Куан Ю келіп, Жоғарғы Кеңесте нарықтық экономикаға көшу жөніндегі пікірін білдірген еді.
Содан бері Сингапурдың тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды бағдарлардың біріне айналды. Бұл мемлекеттік институттарды дамытудан бастап, адами капиталға инвестиция салу және зерттеу университеттерін құруға дейінгі бағыттарды қамтиды.
«Бүгін біз даму жолымыздың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз және Сингапурдың даму тарихынан әлі де шабыт аламыз. Сингапур — билік сабақтастығын қамтамасыз етудің, тұрақты дамудың және адами капиталға ұзақ мерзімді инвестиция салудың үлгісі», — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Сингапурдың бұл тәжірибесі институционалдық деңгейдегі ынтымақтастықтан да көрінеді. Ли Сянь Лун Зерттеулер, инновациялар және кәсіпкерлік жөніндегі кеңесті, сондай-ақ Сингапурдың Ұлттық әл-ауқат қорын басқарады. Бұл құрылымдар A*STAR агенттігімен бірге Сингапурдың білімге негізделген экономикасының маңызды тіректерінің саналады.
NU мен ASTAR арасындағы ынтымақтастық та тығыз. NU Медицина мектебінің деканы әрі медицина жөніндегі вице-президенті профессор Хак Нг бұған дейін ASTAR басшылығында қызмет атқарып, Сингапур Ғылым академиясының вице-президенті болған.
NU президенті профессор Вакар Ахмад Ли Сянь Лунның Сингапурдың дамуындағы еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, сингапурлық университеттер мен A*STAR елдің жан-жақты дамуына елеулі үлес қосты. NU да осы тәжірибеден сабақ алуға ұмтылып отыр.
«Nazarbayev University Сингапурдың жетекші оқу орындарымен, ең алдымен, Сингапур Ұлттық университетімен (NUS) және оның жанындағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебімен берік стратегиялық әріптестік орнатқан. Осы ынтымақтастық аясында жүздеген студентіміз NUS-та білім алды. Олардың көпшілігі бүгінде Қазақстан Үкіметінде маңызды бағыттарға жетекшілік етіп жүр», — деді профессор Вакар Ахмад.
Студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ли Сянь Лун таланттарды дамыту, халықтың үкіметке деген сенімін қалыптастыру және мемлекеттің өзгерістерге бейімделу қабілеті қаншалық маңызды екенін атап өтті.
«Сингапурдың даму жолы ешқашан түзу болған емес. Қазақстан мен Сингапурдың жағдайы әртүрлі. Біздің саяси шешімдеріміз өз еліміздің ерекшеліктеріне негізделеді, сондықтан Қазақстанның да өзге шешімдер қабылдауы заңды. Алайда барлығымызға ортақ бір міндет бар: өзгерістерге үнемі бейімделе алатын жүйе құру қажет», — деді ол.
Ли Сянь Лун Сингапурдың бүгінде мемлекеттің белсенді араласуын қажет ететін жаңа сын-қатерлерге тап болып отырғанын да айтты. Соның бірі — компанияларға жасанды интеллектіні енгізуге көмектесу және қызметкерлерді еңбек нарығындағы өзгерістерге дайындау. Бұған жұмысынан айырылған немесе кәсібін ауыстырған адамдарға қолдау көрсету де кіреді.
Сапар соңында Ли Сянь Лунға Nazarbayev University-дің Құрметті профессоры атағы берілді. Ол университеттің 16 жылдық тарихында бұл атаққа ие болған сегізінші тұлға. Бұған дейін Құрметті профессор атағы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге және Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэге берілген.



















