Доктор Юрий Пя Nazarbayev University-дің құрметті профессоры атанды

Nazarbayev University жанындағы University Medical Center (UMC) корпоративтік қоры басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пяға Nazarbayev University-дің құрметті профессоры атағы берілді. Бұл шешімді университеттің Басқарушы кеңесі қабылдады.

Құрметті атақ Юрий Пяның академиялық және клиникалық ынтымақтастықты дамытуға, медициналық білім мен ғылымның өркендеуіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ілгерілетуге, сондай-ақ медицина және қоғамдық денсаулық сақтау салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін берілді. Басқарушы кеңес өз шешімінде оның кәсіби және ғылыми беделін, сондай-ақ кардиохирургияны, медицина ғылымын және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Юрий Пяның жетекшілігімен UMC Жүрек орталығының дәрігерлері мен зерттеушілері қайтыс болған донорлардан алынған жүрекке 104 трансплантация жасады. Оның 98-і UMC-де, үшеуі Алматыда және тағы үшеуі Шымкентте орындалды. Жүрек трансплантациясы жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарды емдеудің ең тиімді тәсілі болып саналады.

Команданың тағы бір маңызды жетістігі – донорлық ағзаларды сақтау және тасымалдауға арналған ALEM инновациялық жүйесін әзірлеуі. Бұл технология ағзалардың өміршеңдігін 24 сағатқа дейін сақтауға мүмкіндік беріп, трансплантологияның мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ALEM жүйесін «жылдың ең маңызды ғылыми жетістіктерінің бірі» деп бағалады.

Юрий Пя – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері. Ол Қазақстан патриоттарының V ұлттық форумында «Жыл патриоты» сыйлығымен және «Алтын адам» халықаралық сыйлығының «2012 жылдың үздік дәрігері» аталымымен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53