Студенттерді өз бетінше ойлауға қалай үйретуге болады? Ал оқытушыларға сабақ беру әдістерін жетілдіруге уақыт пен мүмкіндік қалай беріледі? Бұл мәселелер Nazarbayev University-де өткен NU Teaching Conference 2026 халықаралық конференциясының негізгі тақырыбына айналды. Іс-шараға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Филиппин, Пәкістан, БАӘ, Мексика және Түркиядан келген 200-ге жуық қатысушы жиналды.
Конференцияны NU Жоғары білім беру мектебі Ұлыбританияның Advance HE және Quality Assurance Agency for Higher Education (QAA) ұйымдарымен, сондай-ақ университеттің бірнеше мектебі мен академиялық бөлімшесінің қатысуымен ұйымдастырды. Қатысушылар жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде университеттер оқыту сапасын қалай арттыра алатынын, оқытушылардың кәсіби дамуын қалай қолдауға болатынын және білім сапасын жақсартуға қандай жағдай жасау керектігін талқылады.
Университет оқытушыларынан ғылыми зерттеулер жүргізу, гранттық қаржыландыру тарту, ғылыми мақалалар жариялау және оқу орнының дамуына үлес қосу күтіледі. Алайда сапалы сабақ беру де уақыт пен күшті қажет етеді. Тиімді курстар әзірлеу, студенттердің қажеттіліктерін түсіну, өз тәжірибесін саралау және әріптестермен білім алмасу үшін оқытушыға қолайлы жағдай жасалуы керек. Конференция барысында осы жұмысты ұйымдастыру жолдары бірнеше рет сөз болды.
NU Жоғары білім беру мектебінің деканы, академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провост Аида Сагинтаеваның пікірінше, білім берудің мақсатын университет рейтингтерімен, аккредиттеумен және басқа да тиімділік көрсеткіштерімен шектеуге болмайды. Мұндай құралдар жұмыс нәтижелерін бағалауға көмектескенімен, студенттердің аудиторияда қандай тәжірибе жинақтайтынын және оқыту олардың дамуына қаншалықты ықпал ететінін толық көрсете алмайды.
«Студенттеріміздің өз бетінше ойланатын, зерттеу жүргізуге қажетті құзыреттерді меңгерген, кәсіби маман ретінде байыпты шешім қабылдай алатын тұлғалар болып қалыптасқанын қалаймын. Ол үшін оқытушылардың жұмыс жүктемесін теңгеріп, өз зерттеулерімен қатар, оқыту дағдыларын дамытуға да мүмкіндік беру маңызды. Бұл екі бағыт бір-біріне кедергі келтірмей, керісінше, бірін-бірі толықтырып, нығайтуы керек», – деді Аида Сагинтаева.
Бұл оқытушыларды қолдауға деген көзқарасты өзгертуді талап етеді. Университеттер оқытушылардың ғылыми және педагогикалық бағыттарда қатар дамуына жағдай жасап, оларды бір-бірімен бәсекелес міндеттер ретінде қарастырмауы керек.
NU вице-провосты, профессор Саманта Смидт жоғары білім беру саласын өзгертіп жатқан екі негізгі фактор ретінде жасанды интеллект пен интернационалдануды атады. Халықаралық ынтымақтастық, серіктестік және академиялық консорциумдар кеңейген сайын Қазақстан университеттері арасындағы бәсеке де күшейіп келеді. Сонымен бірге тәжірибе алмасуға арналған жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Ал жасанды интеллект білім беру мазмұнын ғана емес, оны ұйымдастыру тәсілдерін де өзгертеді.
«Жасанды интеллект біздің нені және қалай оқытатынымызды өзгертеді. NU озық тәжірибелерді енгізу және тарату мақсатында ұлттық және халықаралық жобаларға қатысып келеді. Мысалы, біз ЮНЕСКО-ның халықаралық орталығымен бірлесіп, білім берудегі жасанды интеллектке арналған платформа әзірлеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Digital Education Council қауымдастығына да қосылдық. Мұндай алаңдар тәжірибе алмасуға және бір-бірімізден үйренуге мүмкіндік береді», – деді Саманта Смидт.
Ол білім сапасын қамтамасыз ету мен оны үздіксіз жетілдірудің аражігін де ажыратып көрсетті. Білім сапасын қамтамасыз ету университеттерге жұмыс нәтижелерін бағалап, мәселелерді анықтауға көмектеседі. Ал сапаны жетілдіру сол мәселелердің шешімін тауып, қажетті өзгерістерді енгізуге бағытталған. Білім сапасын формалды талаптарды орындаумен шектемеу үшін осы екі үдеріс те қажет.
Оксфорд университетінің профессоры Роджер Далримпл технология қарқынды дамып жатқан заманда тосын көрінуі мүмкін бір тәсілге – slow pedagogy, яғни оқытуға байыппен қарау тұжырымдамасына назар аударды. Бұл тәсіл студенттерге оқу материалын терең түсінуге, идеяларды талдауға және өз қорытындыларын қалыптастыруға жеткілікті уақыт беруді көздейді.
Генеративті жасанды интеллект бірнеше секунд ішінде жауаптар, мысалдар мен тақырыптық зерттеулер әзірлей алады. Бұл – пайдалы мүмкіндік. Алайда соның әсерінен оқу материалын барынша жылдам меңгеріп, көбірек тақырып қамтуға ұмтылу қаупі де бар. Ал байыппен оқыту тәсілі басқа ұстанымға негізделеді: студенттерге идеяларды терең түсінуге, қалыптасқан көзқарастарға күмәнмен қарауға және алған білімінің кең ауқымды салдарын пайымдауға уақыт беру.
Ұлыбританияның QAA агенттігінің білім сапасын қамтамасыз ету және жетілдіру жөніндегі атқарушы директоры, доктор Роб Страуд университет тарапынан жүйелі қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
Ол Ұлыбритания тәжірибесіне сүйене отырып, жоғары білім сапасына қатысты талаптарды айқындайтын UK Quality Code for Higher Education құжаты туралы айтты. Бұл құжат оқытушылардың кәсіби дамуына, біліктілігіне және қажетті қолдауға қатысты күтілетін талаптарды, сондай-ақ оқыту мен білімді бағалаудың ғылыми зерттеулер және академиялық қызметпен байланысын қамтиды. Қызметкерлердің әл-ауқатына қамқорлық жасау да университеттің жауапкершілігіне жатады.
«Білім беру бағдарламасының сапасын тексерулер немесе аккредиттеу арқылы ғана қамтамасыз ету мүмкін емес. Сапа оқытушылар мен студенттердің бірлескен жұмысы барысында қалыптасады», – деп атап өтті ол.
Білім сапасын қамтамасыз ету жүйелері белгілі бір стандарттарды белгілеп, жетілдіруді қажет ететін тұстарды анықтауға көмектеседі. Алайда нақты өзгерістер осы стандарттардың күнделікті жұмыста қалай қолданылатынына байланысты: оқытушылар қажетті қолдауға ие бола ма, студенттердің пікірі ескеріле ме және жиналған деректер оқу үдерісін жақсартуға пайдаланыла ма?
Конференцияда жасанды интеллектіні талқылау технология мүмкіндіктері кеңейген сайын тағы бір маңызды сұрақты алға шығарды: оқытушының рөлі қалай өзгереді?
Қазақстанның оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец мұғалімнің негізгі міндеттері өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Олар – балаларды оқыту, тәрбиелеу, ынталандыру және олармен тікелей адами қарым-қатынас орнату арқылы қолдау көрсету. Ол педагогтердің кәсіби дамуын үздіксіз қолдауға және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуге бағытталған шаралар туралы да айтты.
Халықаралық ынтымақтастық та түрлі тәжірибе мен көзқарасты тоғыстырып, университеттердегі білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Advance HE ұйымының халықаралық бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Дэниел Шерратт атап өткендей, халықаралық әріптестік университеттердің географиялық ауқымын кеңейтумен ғана шектелмейді. Оның негізінде адамдар арасындағы қарым-қатынас пен сенім жатыр.
Екі күнге созылған конференция барысында қатысушылар студенттердің академиялық жетістіктеріне жағдай жасау, халықаралық ынтымақтастықты тұрақты дамыту, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану мәселелерінде оқытушылар мен студенттердің өзара іс-қимылын жолға қою тақырыптарын да талқылады.



















