Өткенді зерттеуді жасанды интеллектке сеніп тапсыруға бола ма? Археологтар саланың жаңа сын-қатерлерін талқылады

Nazarbayev University (NU) жанында өткен халықаралық конференцияда жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен ашық деректер базасының археологиялық зерттеулерді қалай өзгертетіні және мәдени мұраны қорғау саласында қандай жаңа мәселелер туындататыны талқыланды.

Жасанды интеллект мәдени бірегейлікке нұқсан келтірмей, өткен тарихты құжаттауға қалай көмектесе алады? Археологиялық нысандар туралы цифрлық деректерге кім қол жеткізе алуы керек? Ал ашық жарияланған ақпарат тарихи ескерткіштерді тонау қаупін арттырса, оның салдары қандай болуы мүмкін?

Бұл мәселелер 2026 жылғы 22–24 қазанда NU-де өткен «Археологиялық мұраны қайта зерделеу және цифрлық болашақ» (Reimagining Archaeological Heritage and the Digital Future) халықаралық конференциясының негізгі тақырыптарына айналды. Әлемнің түрлі елдерінен келген зерттеушілер мен мәдени мұраны сақтау саласының мамандары бас қосқан конференцияда жаңа технологиялардың археологиялық зерттеу тәжірибесін қалай өзгертіп жатқаны және оларды жауапкершілікпен қолдану үшін қандай шаралар қажет екені талқыланды.

Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі мәдени мұраны зерттеуде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қырларына арналды. Қатысушылар мәдени мұраны цифрлық жолмен иемдену тәуекелдеріне назар аударып, мәдени бірегейлікті, авторлық құқықты және тарихы мен мұрасы цифрлық форматта құжатталатын қауымдастықтардың мүдделерін қорғаудың маңызын атап өтті. Автоматтандырылған жүйелер ғылыми зерттеулерде кеңінен қолданыла бастаған сайын, технологиялық прогресс этикалық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс.

Конференцияда технологиялық мүмкіндіктер мен мамандардың кәсіби құзыреттері арасындағы алшақтық мәселесі де көтерілді. Геомагниттік зерттеулерді қоса алғанда, заманауи әдістер мен цифрлық тәсілдер археологиялық ізденістердің мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Сонымен қатар қатысушылар мұндай құралдарды тиімді қолдану және олардың нәтижелерін дұрыс түсіндіру үшін мамандарға тиісті кәсіби даярлық қажет екенін атап өтті. Технологиялар ауқымды ақпаратты өңдей алғанымен, археологиялық нысандарда тікелей жұмыс істейтін мамандардың орнын баса алмайды. Далалық зерттеулер, нысандардағы деректерді тексеру және сарапшылардың кәсіби пайымы ғылыми нәтижелердің сенімділігін қамтамасыз етуде әлі де маңызды рөл атқарады.

Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты археологиялық коллекцияларды цифрландыру және орталықтандырылған деректер базасын құру болды. Ашық қолжетімді платформалар мен цифрлық ғылыми жарияланымдар зерттеу нәтижелерін кеңінен таратуға, бұрын бір-бірінен бөлек сақталған деректерді біріктіруге және тарихи ескерткіштерді олардың кең тарихи-географиялық контексінде зерделеуге мүмкіндік береді.

Алайда ақпаратқа қолжетімділіктің артуы қауіпсіздікке қатысты жаңа мәселелерді де туындатады. Қатысушылар археологиялық нысандардың нақты географиялық координаттары мен кеңістіктік деректерін жариялау оларды тонау және бүлдіру қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертті. Бұл мәселе әсіресе археологиялық ландшафттарды қорғау маңызды міндет болып отырған Орталық Азия үшін өзекті.

Ғылыми мәселелермен қатар, конференция қатысушылары университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелері қаржыландырудың қысқаруына тап болып отырған кезеңде цифрлық технологиялардың археологияны кең аудиторияға жақындату мүмкіндіктерін де талқылады. Ғылыми жаңалықтарды көпшілікке түсінікті цифрлық форматта ұсыну арқылы зерттеушілер археологияның қазіргі қоғам үшін маңызын көрсете алады. Атап айтқанда, ежелгі өркениеттердің экологиялық, әлеуметтік және басқа да күрделі сын-қатерлерге қалай жауап бергені туралы білімді кеңінен таратуға болады.

Конференция қорытындысында қатысушылар әртүрлі елдер мен қауымдастықтар үшін цифрлық инфрақұрылымға, технологиялық ресурстарға және кәсіби даярлыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Археологияның цифрлық трансформациясы қолданыстағы теңсіздікті тереңдетпей, халықаралық ғылыми қауымдастықтың барлығына пайда әкелуі ортақ басымдықтардың бірі ретінде айқындалды.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Археология институтының, Чикаго университетінің, Алматыдағы ЮНЕСКО кеңсесінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Сидней университетінің, Ливерпуль университетінің, Кембридж университетінің, Сент-Луистегі Вашингтон университетінің және Тбилисидегі Грузия ұлттық музейінің өкілдері қатысты. Қатысушылар Қазақстан, Грузия, Өзбекстан, Үндістан, Бутан, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания елдерінің атынан келді.

HANSR туралы

Жаңа Жібек жолы мұрасын сақтау альянсы (Heritage Alliance of the New Silk Road, HANSR) 2018 жылғы қыркүйекте Ливерпуль университеті, Қазақстандағы NU, Буффалодағы Нью-Йорк мемлекеттік университеті, Сиань Цзяотун университеті және Гонконг политехникалық университетінің ғалымдары бастамасымен құрылған. Альянс Жаңа Жібек жолы бойындағы мәдени мұраны сақтауға қатысты әлеуметтік, тарихи, археологиялық және экономикалық зерттеулердің мүмкіндіктерін зерделейді.

Халықаралық конференциялар, дөңгелек үстелдер, ғылыми жарияланымдар мен академиялық пікірталастар арқылы HANSR материалдық және материалдық емес мәдени мұраны зерттеуге ықпал етеді. Бұл ретте мәдени мұраны сақтаудың тұрақты әрі этикалық тәсілдеріне ерекше назар аударылады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53