Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) жөніндегі Алма-Ата және Астана декларациялары қабылданған Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. 12–13 қараша күндері Nazarbayev University-де медициналық қоғамдастықтың, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың шамамен 1 000 өкілі алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, отбасылық медицинаны дамыту және цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылайды.
1978 жылы қабылданған Алма-Ата декларациясы денсаулық сақтау саласындағы қолжетімділік пен әділдік қағидаттарын бекітіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті «Баршаға денсаулық» мақсатына жетудің негізі ретінде айқындады. 2018 жылы бұл міндеттемелер Астана декларациясында қайта расталды. 2028 жылы Алма-Ата декларациясының қабылданғанына 50 жыл толуына орай, алғашқы медициналық көмек жүйесін дамыту Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы реформаларының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
«Қазақстан үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту ерекше маңызға ие. 2028 жылы 50 жылдығын атап өтетін Алма-Ата декларациясы біздің жерімізде қабылданды. Онда бекітілген, кейін Астана декларациясында расталған қолжетімділік пен әділдік қағидаттары бүгінгі таңда да алғашқы медициналық көмек жүйесін нығайту жөніндегі жұмысымыздың негізі болып отыр», — деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Бұл — ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жасты құраған. Нәресте өлімі 4,5 еседен астам, ана өлімі 6 есе, ал туберкулезден болатын өлім-жітім 10 есе төмендеді. Сонымен қатар Қазақстан жұқпалы емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітімді 25%-ға қысқарту мақсатына қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы ел атанып, ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі осы межеге жеткен тоғыз мемлекеттің қатарына кірді.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйелері жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр: созылмалы аурулардың көбеюі, халықтың қартаюы, медицина мамандарының тапшылығы және медициналық қызметтерге қолжетімділіктің біркелкі болмауы. Мұндай жағдайда алғашқы медициналық көмектің тиімділігі мамандардың командалық жұмысына, аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік көмекті үйлестіруге байланысты.
«Екі декларация да бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз медициналық көмектің қолжетімді, әділ әрі адам қажеттіліктеріне бағдарланған болуын қамтамасыз етуге ұмтылып отырмыз. Алғашқы медициналық көмектің тиімділігі жақсы даярланған отбасылық дәрігерлерге, медбикелерге, әлеуметтік қызметкерлерге, психологтерге және бірлесіп жұмыс істейтін басқа да мамандарға байланысты. Бұл ретте пациенттер мен жергілікті қауымдастықтар да осы үдеріске қатысуы керек. Ол үшін сапалы білім, сенімді ғылыми дәлелдер және медицина кадрларын жүйелі қолдау қажет», — деді NU вице-президенті әрі Медицина мектебінің деканы, профессор Хак Хуэй Нг.
Конгресс бағдарламасында отбасылық дәрігерлер жетекшілік ететін мультидисциплинарлық командаларды дамыту, медициналық және әлеуметтік көмекті интеграциялау, қызметтердің сапасын бағалауға жергілікті қауымдастықтарды тарту және Қазақстанда алғашқы медициналық көмектің озық тәжірибе орталықтарын дамыту мәселелері талқыланады. Жекелеген сессиялар денсаулық сақтауды цифрлық трансформациялауға және алғашқы медициналық көмекте жасанды интеллектіні қолдануға, медицина кадрларын даярлауға, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігіне арналады.
Конгресс аясында NU Қазақстан мен Орталық Азияның жеті медициналық университеті және академиялық мекемесімен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Келісімдер медициналық білім беру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық әлеуетті арттыруға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және алғашқы медициналық-санитариялық көмекке инновациялық тәсілдерді енгізуге бағытталған.
Конгреске шамамен 1 000 қатысушы жиналады деп күтілуде. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы елдік офисінің, ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Еуропалық орталығының және Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымының (WONCA) өкілдері, сондай-ақ ТМД және Еуропа елдерінен келген халықаралық сарапшылар бар.
Конгресс денсаулық сақтау саясатын қалыптастыруға қатысатын мамандарға, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының басшылары мен қызметкерлеріне, отбасылық дәрігерлерге, медбикелерге, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтерге, медициналық статистика, денсаулық сақтау экономикасы мен басқару саласындағы сарапшыларға, IT-мамандарға, медициналық университеттер мен колледждердің оқытушылары мен студенттеріне, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестердің өкілдеріне арналған.
Конгрестің ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Nazarbayev University, «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек» ұлттық қауымдастығы (Қазақстан), University Medical Center және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы.


















