Математика және жасанды интеллект жөніндегі алғашқы халықаралық конференция (ICMAI 2026) Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Мажарстан, Әзербайжан және Қытайдан келген 90 қатысушыны жинап, математика мен жасанды интеллект тоғысындағы заманауи зерттеулерді талқылауға мүмкіндік берді.
Конференцияны Компьютерлік ғылымдары және жасанды интеллект мектебі (SCAI) мен Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) ұйымдастырды. ICMAI 2026 конференциясының тең төрағалары — ISSAI директоры, профессор Хусейн Атакан Варол және SCAI профессоры Дөрбетхан Сұраған.
Конференция бағдарламасы жеті пленарлық дәрісті, 32 секциялық баяндаманы және төрт практикалық воркшопты қамтыды. Қатысушылар жасанды интеллекттің математикалық негіздерін, оңтайландыру әдістерін, дифференциалдық теңдеулер мен математикалық модельдеуді, машиналық оқытуды, деректерді талдауды, сенімді жасанды интеллект пен зияткерлік жүйелерді талқылады.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі — заманауи жасанды интеллект жүйелерін дамытудағы математиканың рөлі болды. Зерттеушілер графтар теориясы, сызықтық алгебра, жоғары өлшемді деректерді талдау және басқа да математикалық әдістердің жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуде қалай қолданылатынын қарастырды. Сонымен қатар жасанды интеллект математикалық зерттеулерге де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Олардың қатарында заңдылықтарды анықтау, гипотезаларды тексеру және күрделі ғылыми мәселелерді шешу бар.
Конференция бағдарламасында практикалық воркшоптарға да ерекше орын берілді. Олардың барысында қатысушылар заманауи есептеу әдістерімен және зерттеу жұмыстарында жасанды интеллектті қолдануға арналған құралдармен танысты. Сессияларға SCAI-дің компьютерлік ғылымдар және математика бағыттары бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура студенттері де қатысты. Конференция олар үшін өзекті зерттеулермен танысып, халықаралық ғалымдармен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берді.
«Бұл өте мазмұнды әрі нәтижелі үш күн болды. Жеті пленарлық дәріс, 32 секциялық баяндама және төрт воркшопты қамтыған ICMAI 2026 түрлі елдерден зерттеушілер мен студенттерді біріктіріп, математика мен жасанды интеллект арасындағы диалогқа құнды алаң қалыптастырды. Математика саласындағы зерттеушілеріміз де воркшоптарға белсенді қатысып, практикалық құралдарды меңгерді және математикалық әрі жасанды интеллектке қатысты мәселелерді шешу үшін код жазу мен оны іске асыруды үйренді. Осы қарқынды дамып келе жатқан екі саланың жақындасып, халықаралық ғылыми ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанына ерекше қуаныштымыз. ICMAI Қазақстанда және одан тыс жерлерде ғылыми тәжірибе алмасу, практикалық оқыту және бірлескен зерттеулер жүргізу алаңы ретінде өз жұмысын жалғастырады деп үміттенеміз», — деді NU профессоры Дөрбетхан Сұраған.
Конференция жасанды интеллектті математикалық зерттеулерде қолдануға деген қызығушылықтың артып келе жатқан кезеңінде өтті. Қыркүйек айында OpenAI Навье–Стокс теңдеулеріне қатысты есептермен жұмыс барысында, соның ішінде математикалық дәлелдеулерді Lean көмегімен формализациялау кезінде жасанды интеллектті қолданғанын хабарлады. Мұндай зерттеулер жасанды интеллекттің математикадағы құрал ретіндегі мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге олар жасанды интеллект арқылы алынған нәтижелерді ғылыми қауымдастық тарапынан қатаң тексерудің маңызын айқындайды. Бұл мәселе ICMAI 2026 конференциясында да талқыланды.








