Nobel Night: Нобель сыйлығы иегерлерінің жаңалықтары көпшілікке жақындай түсті

25 қарашада Nazarbayev University-де алғаш рет Nobel Night атты ғылыми-көпшілік кеш өтті. Іс-шара 2026 жылғы Нобель сыйлықтары мен Филдс медалімен марапатталған ғылыми және зияткерлік жетістіктерге арналды.

Кеш қонақтары физика, экономика, медицина, химия, әдебиет және математика салаларындағы маңызды жаңалықтармен танысты. Университет оқытушылары күрделі ғылыми тұжырымдарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, олардың мәні мен қазіргі әлем үшін маңызын ашып көрсетті.

NU-дің алты профессорлары биылғы халықаралық марапаттарға ие болған зерттеулер мен жетістіктер туралы баяндама жасады.

Физика – доктор Майкл Р. Р. Гуд

2026 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығы Фрэнсис Хальценге IceCube нейтрино обсерваториясын дамытуға қосқан үлесі және ғарыштан келетін жоғары энергиялы нейтриноларды анықтағаны үшін берілді. Нейтринолар – материя арқылы дерлік кедергісіз өте алатын өте ұсақ бөлшектер, олардың көмегімен ғалымдар ғаламның алыс аймақтарында болып жатқан қуатты құбылыстарды зерттей алады.

Экономика – доктор Джулио Сеччиа

2026 жылғы Альфред Нобельді еске алуға арналған Экономикалық ғылымдар саласындағы Швеция мемлекеттік банкінің сыйлығы Роберт Э. Холл мен Майкл Вудфордқа экономиканы тұрақтандырудың негіздеріне арналған зерттеулері үшін берілді. Олардың еңбектері жеке адамдар мен компаниялардың шешімдері жалпы экономикаға қалай әсер ететінін және экономикалық өзгерістерге қатысты мемлекеттік саясаттың рөлін түсінуге көмектеседі.

Физиология немесе медицина – доктор Александr Пак

2026 жылғы физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығы Карл Дайсерот, Петер Хегеманн және Георг Нагельге оптогенетика саласындағы жаңалықтары үшін берілді. Бұл технология жарықтың көмегімен мидағы жекелеген жүйке жасушаларының белсенділігін басқаруға мүмкіндік береді және ғалымдарға мидың қалай жұмыс істейтінін, оның белсенділігі адамның мінез-құлқына қалай әсер ететінін зерттеуге жол ашады.

Химия – доктор Сәлімгерей Әділов

2026 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығы Анри Каган мен Кенсо Соаиге химиялық реакциялар кезінде молекуланың айнадағы бейнесіндей екі түрінің бірін басым алуға мүмкіндік беретін үдерістерді зерттегені үшін берілді. Бұл маңызды, өйткені молекуланың кеңістіктік пішіні оның қасиеттеріне, соның ішінде дәрілік препараттардың адам ағзасына әсеріне ықпал етеді.

Әдебиет – доктор Мария Рыбакова

2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық жазушы Энн Карсонға классикалық әдеби дәстүрлерді заманауи шығармашылықпен ұштастырған ерекше еңбектері үшін берілді. Оның шығармаларында поэзия, аударма және эссе жанрлары тоғысып, өткен дәуірлердің оқиғалары мен идеяларын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.

Математика (Филдс медалі) – қауымдастырылған профессор Алехандро Х. Кастро Кастилья

2026 жылы математика саласындағы көрнекті жетістіктері үшін Юй Дэн, Джон Пардон, Джейкоб Тимерман және Хун Ван Филдс медалімен марапатталды. Олардың зерттеулері толқындар, геометрия, сандар мен заңдылықтарға қатысты күрделі математикалық мәселелерді қамтып, математиканың іргелі құрылымдарын тереңірек түсінуге көмектеседі.

Кеш ағылшын тілінде өтті. Іс-шараны NU Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің деканы, профессор Риккардо Пелиццо және ғылыми коммуникатор Дәмел Мектепбаева жүргізді.

Кеш бағдарламасында BTCS Drama Performance #1 театрландырылған қойылымы және Quantum Tech School ұсынған скрипкамен орындалған музыкалық шығарма да болды.

Қонақтар Нобель сыйлығының лауреаттары Франсуа Энглер, Герард ‘т Хоофт және Мишель Майордың, сондай-ақ астронавт Франк Де Винненің қолтаңбалары қойылған бірегей телескопты тамашалап, ол арқылы аспанға көз салу мүмкіндігіне ие болды. Бұл телескопты Гент университеті Бельгия королі мен патшайымының Қазақстанға сапары кезінде Alem Science ұйымына сыйға тартқан.

Nobel Night ғылыми және зияткерлік жетістіктерді академиялық ортадан тыс кең аудиторияға таныстырып, оларды қоғамдық талқылаудың бір бөлігіне айналдыруды мақсат етеді. Күрделі ғылыми жаңалықтарды қарапайым тілмен түсіндіру арқылы университет оқытушылары ғылымның тек мамандарға ғана емес, әлемді тереңірек танығысы келетін әрбір адамға қызықты әрі маңызды екенін көрсетті.

Іс-шараны NU Alumni Association (NU түлектерінің қауымдастығы) мен Onergy Creative Hub бірлесіп ұйымдастырды. Бұл бастама NU-дің ғылыми коммуникацияны дамытуға және университет ғалымдарының білімін кең аудиториямен бөлісуіне мүмкіндік жасауға бағытталған жұмысын көрсетеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53