Микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселесіне арналған халықаралық конференция Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттерден келген медицина, ветеринария және экология салаларының 200-ден астам сарапшысы мен зерттеушісінің басын қосты.
«Микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күресуде оларды ұтымды пайдалану: “Біртұтас денсаулық” тәсілі» атты конференция 2026 жылғы 19–20 қарашада өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қазақстандағы елдік кеңсесі және Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығы (РЭЦЦА) ұйымдастырды. Конференцияның серіктестері қатарында Nazarbayev University (NU) Медицина мектебі мен University Medical Center болды.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Швеция, Германия, Түркия, Дания, Ұлыбритания, Қытай және Венгриядан келген спикерлерді қоса алғанда, 200-ден астам адам қатысты.
Бағдарлама антибиотиктер мен басқа да микробқа қарсы препараттарды ұтымды қолдану мәселелеріне, сондай-ақ оларға төзімділіктің артуына арналды. Қатысушылар микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану, эпидемиологиялық қадағалау, инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау, сондай-ақ адам, жануарлар және қоршаған орта денсаулығының өзара байланысын ескеретін «Біртұтас денсаулық» тәсілін талқылады.
Іс-шараға орай жариялаған пікірінде NU вице-президенті, профессор Хак Нг микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселесін шешу үшін кешенді әрі пәнаралық тәсіл қажет екенін атап өтті.
«Микробқа қарсы препараттарға төзімділік – адамзат алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі. Оны шешу тиімдірек антибиотиктер әзірлеумен немесе белгілі бір қоздырғыштармен күресумен ғана шектелмейді. Бұл мәселені еңсеру үшін негізгі проблемаларды анықтап, оларды зерттеулер, практикалық шаралардың тиімділігін бағалау және тиісті саясат әзірлеу арқылы шешуге бағытталған пәнаралық әрі жүйелі тәсіл қажет», – деді профессор.
Профессор Юлия Семёнова көп жылдан бері жалғасып келе жатқан кәсіби байланыстар мен жаңа серіктестіктердің маңыздылығына тоқталды.
«Үш күн ішінде біз тәжірибе алмасып, микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрестегі мәселелерді талқыладық және адам, жануарлар мен қоршаған орта денсаулығы салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырдық. Көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестерімізбен қатар, жаңа серіктестердің де бас қосқанына ерекше қуаныштымын», – деді профессор Семёнова.
Іс-шара жыл сайын 18–24 қараша аралығында өтетін Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – коммуникация, білім беру және сектораралық ынтымақтастық арқылы осы мәселе туралы хабардарлықты арттыру.













