Nazarbayev University (NU) президенті, профессор Ваакар Ахмад 19 қарашада Астанада өткен QS Eurasia Forum 2026 форумына қатысты. «Университеттердің әлемдік аренадағы орнын нығайту жолы» (The Road to the Top: How Universities Build Global Standing) атты панельдік сессия барысында ол NU-дың халықаралық беделін арттыру, стратегиялық серіктестіктерді дамыту және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне үлес қосу бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.
«Маңызды нәрсені өлшеу» (Measuring What Matters) тақырыбымен өткен форумға 35 елден 500-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында университет басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер және жоғары білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар болды. Форумды QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау компаниясы ұйымдастырды. Қатысушылар университеттердің деректерді негізге ала отырып, тиімді шешім қабылдау және жоғары білім беру саласындағы өзгерістерге бейімделу жолдарын талқылады. Сондай-ақ еңбек нарығындағы жаһандық үрдістер, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, академиялық серіктестік, университеттердің қызмет тиімділігі және жасанды интеллектінің оқыту мен ғылыми зерттеулерге ықпалы сөз болды.
Профессор Ахмад университеттер өз жетістіктерін өздерінің пайымы, миссиясы мен стратегиялық басымдықтарына сүйене отырып бағалауы керектігін атап өтті. NU үшін бұл халықаралық стандарттарды Қазақстанның дамуына бағытталған нақты мақсаттармен ұштастыруды білдіреді. Ол бұл ұстанымды «Қазақстанда жасалған әлемдік деңгей» деп сипаттап, университет қоғам мен ел экономикасының дамуына үлес қосып, жалпы білім беру жүйесін қолдауы және өндіріс саласымен тығыз байланыс орнатуы қажет екенін айтты.
Профессор Ахмад NU-дың дамуы үшін институционалдық дербестік пен академиялық еркіндіктің маңызын да атап өтті. Осының арқасында университет жаңа басымдықтарға жедел ден қойып, білім беру бағдарламаларын ашып, стратегиясына қажетті өзгерістер енгізе алады. Сонымен қатар ол білікті шетелдік оқытушыларды тарту, оқыту үдерісі мен ғылыми зерттеулерді ұштастыру және академиялық құрамның кәсіби дамуына инвестиция салу маңызды екенін жеткізді. Осы орайда профессор NU-дың Advance HE ұйымымен серіктестігіне тоқталып, оның аясында университет қызметкерлері, соның ішінде бес маман Principal Fellow кәсіби біліктілігін алғанын атап өтті.
Халықаралық рейтингтер туралы сөз қозғаған профессор Ахмад оларды университет жетістігінің басты өлшемі ретінде қарастыруға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, рейтингтер университет қызметін бағалауға көмектескенімен, ғылыми зерттеулер мен оқыту сапасына, студенттердің оқу нәтижелеріне және университеттің қоғам дамуына қосқан үлесіне басымдық берілуі тиіс.
«Біз үшін рейтингтер өз алдына мақсат емес. Рейтингтермен жұмыс істеу жоспарымыз бар, бірақ бүкіл стратегиямызды тек рейтингтерге бағыттамаймыз», — деді ол.
Профессор Ахмад NU-дың халықаралық серіктестік бағыттарының да өзгеріп келе жатқанын айтты. Университет бастапқыда Солтүстік Америка мен Еуропадағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуға басымдық берсе, бүгінде Қытай мен Сингапурды қоса алғанда, Азиядағы жетекші университеттермен және ғылыми ұйымдармен байланысын кеңейтіп келеді. Оның айтуынша, NU-дың миссиясы тек өз дамуымен шектелмейді. Университет тәжірибесімен бөлісу, өңірлік жоғары оқу орындарын қолдау, олардың зерттеушілері мен студенттеріне жаңа мүмкіндіктер ашу арқылы Қазақстанның жоғары білім беру және ғылыми зерттеу жүйесін тұтастай дамытуға ұмтылады.
QS Eurasia Forum қарсаңында NU-ға QS компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Нунцио Куакварелли келді. Сапар барысында ол университеттің білім беру бағдарламаларымен, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен және стратегиялық басымдықтарымен танысты. Кездесу кезінде тараптар жоғары білім берудегі халықаралық үрдістер мен университеттердің қызметін бағалау тәсілдері жөнінде пікір алмасты.













