NU дипломдары Әзербайжанда ресми түрде танылды

Nazarbayev University (NU) дипломдары Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрлігіне қарасты Білім сапасын қамтамасыз ету агенттігі тарапынан ресми түрде танылды.

Бұл шешім NU білім беру бағдарламалары бойынша берілетін дәрежелердің Әзербайжанның академиялық стандарттары мен білім сапасын қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келетінін растайды. Енді университет түлектері Әзербайжанда жұмысқа орналасу кезінде дипломдарын қосымша тану рәсімінен өтпей-ақ пайдалана алады.

Дипломдардың ресми танылуы NU түлектері үшін Әзербайжанда жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, олар елдегі жұмыс орындарына үміткер бола алады, Әзербайжан университеттері мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде магистратура мен докторантурада оқуын жалғастыра алады. Сондай-ақ ресми танылған біліктіліктері арқылы өңірлік еңбек нарығында бәсекеге түсуге мүмкіндік алады.

Бұл шешім Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы академиялық байланыстардың нығаюын да көрсетеді. 2023 жылдан бастап NU Бакуде орналасқан ADA университетімен ынтымақтастық орнатып келеді. Сол жылы екі жоғары оқу орны өзара түсіністік туралы меморандумға және студенттер алмасу туралы келісімге қол қойған болатын.

Бұған дейін NU дипломдары Түркия, Германия, Қытай және Сауд Арабиясында ресми түрде танылған. Бүгінде университет түлектері Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Таяу Шығыс елдерінде білім алып, кәсіби қызметін жалғастырып жүр.

Университет халықаралық даму стратегиясы аясында өз дипломдарының басқа елдерде де ресми танылуына бағытталған жұмысты жалғастыруда. Бұл түлектердің академиялық және кәсіби ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Дипломдардың Әзербайжанда ресми танылуы NU түлектерінің шетелде білім алуына және кәсіби тұрғыда дамуына жол ашып, университеттің халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтуге ықпал етеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53