БҰҰ Университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, профессор Тшилидзи Марвала Nazarbayev University-ге (NU) арнайы сапармен келіп, «Тұрақты даму мақсаттарына арналған жасанды интеллект: университеттер мен жастардың рөлі» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Сапар аясында NU профессор Тшилидзи Марвалаға Құрметті профессор атағын берді.
NU президенті Вакар Ахмад қонақты қарсы алу сөзінде екі университеттің жаһандық және өңірлік мәселелерді ғылыми зерттеулер мен нақты деректерге сүйене отырып шешуге бағытталған ортақ басымдықтарын атап өтті.
«Біз Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін жасанды интеллектіні қолданумен қатар, жасанды интеллектінің өзінің де тұрақты дамуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Вакар Ахмад. Сондай-ақ ол университеттер студенттерді жасанды интеллект көмегімен қандай мәселелерді шешу керек, оның игілігін қоғам арасында қалай бөлу қажет және технологияларды қоғам мүддесіне қалай тиімді пайдалануға болады деген мәселелерді талқылауға тартуы маңызды екенін атап өтті.
Дәріс барысында профессор Марвала инженерия және жасанды интеллект салаларындағы тәжірибесіне сүйене отырып, бұл технологияның мүмкіндіктері мен шектеулеріне тоқталды. Ол жасанды интеллект жүйелері ұсынатын нәтижелерге сыни тұрғыдан қараудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Жасанды интеллект – жуықтап есептеу технологиясы. Оның нәтижелері, ең алдымен, оқыту барысында пайдаланылған деректерге байланысты. Ал деректердің өзінде әрдайым белгілі бір деңгейде белгісіздік болады. Сондықтан жасанды интеллект ұсынған нәтижелерді абсолютті ақиқат ретінде қабылдауға болмайды», – деді профессор Марвала.
Ол сондай-ақ жасанды интеллектінің дамуына байланысты қоршаған ортаға түсетін жүктемеге назар аударды. Атап айтқанда, деректерді өңдеу орталықтары мен жартылай өткізгіштер өндірісі айтарлықтай көлемде энергия мен су ресурстарын қажет етеді. Профессордың пікірінше, бұл энергияны үнемдейтін технологиялар мен жасанды интеллектінің неғұрлым тұрақты инфрақұрылымын дамыту сияқты жаңа зерттеу бағыттарына жол ашады.
Университеттердің рөлі туралы айта келе, профессор Марвала ғылыми зерттеулердің құндылығы олардың нақты өмірге тигізетін әсерімен өлшенетінін атап өтті.
«Түптеп келгенде, жұмысымыздың нәтижесі ғылыми зерттеулерді нақты саяси шешімдерге қаншалықты тиімді айналдыра алатынымызбен бағаланады», – деді ол.
Профессор Марваланың сапары Қазақстан мен БҰҰ Университеті арасындағы ынтымақтастықтың кеңейіп жатқан кезеңінде өтті. 2025 жылғы желтоқсанда Токиодағы БҰҰ Университетінің штаб-пәтеріне барғаннан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның елдегі қызмет аясын кеңейту жөнінде бастама көтерген болатын.
2026 жылғы 19 қарашада Қазақстан мен БҰҰ Университеті БҰҰ Университетінің Өңірлік интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтын (UNU-CRIS) Бельгиядан Алматыға көшіру туралы келісімге қол қойды. Институттың қызметі өңірлік ынтымақтастық, технологиялар және тұрақты даму бағыттарындағы зерттеулерді кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.















