Назарбаев Университетіне ресми келу сапарында ҚР Премьер-Министрі Университеттің кітапханасы мен тұрғын үй-жайларында болды, Университеттің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Үкімет басшысы Университеттің студенттер корпусын қарап шықты, студенттер тұратын бөлмелерде болды және олардың тұрмыстық және демалу жағдайларымен танысты, жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесті. Премьер-министр кітапханада болды, кітапханшылар жаңа кітапханалық жабдықты көрсетті, толық мәтінді ғылыми мақалалар, 20 жылдан 100 жылға дейін қамтылған мұрағаттар, электрондық кітаптар мен журналдар орналасқан кітапхананың электрондық деректер базасымен жұмыс істеу ерекшеліктерімен таныстырды. Сонымен қатар Кәрім Мәсімов қазақ тілі кафедрасының оқытушыларымен кездесті, ұстаздар Университетте ұлттық компонентті дамыту жұмысы, мемлекеттік тілге оқытудың жетілдірілген әдістері, тіл өнеріне, сөйлеу мәдениетіне үйрету сабақтары, Университет студенттері мен шетелдік оқытушыларды қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениетімен таныстыру жұмыстары туралы айтып өтті. Премьер-министрдің орынбасары Е.Орынбаев Назарбаев Университетінің Ғылым және технологиялар мектебінде және Инженерия мектебінде болды, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған зертханалардың ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ дәрісханалар мен аудиторияларды қарап шықты. Мектеп декандары Рональд Бабулиян және Стефан Саймонс Ербол Орынбаевқа заманауи зертханалық жабдықтарды көрсетті, өздері басқарып отырған кафедралардың ғылыми жетістіктері мен инновациялық еңбектерімен таныстырды. Пайдалануға тапсырылған жаңа зертханалар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жабдықтарға студенттердің қол жетімділігін қамтамасыз етеді. Зертханаларда ғылыми зерттеулер мен физика, химия, биология, робототехника, мехатроника, инженерия бағытындағы жаңа салаларда ізденістер жүргізілетін болады.
Назарбаев Университетінің Коммуникациялар және маркетинг департаменті: 010000, Астана, Қабанбай батыр д., 53, каб.1115 +7(7172)706091, 706087, 706089, 706618, 706090








